Өзбекстанда «1000 геном» жобасы басталмақ
25 мамыр күні Милан қаласында Өзбекстан Ғылым академиясы вице-президенті Шахло Турдикулова мен әлемдегі жетекші геномика компанияларының бірі — Illumina басшылары арасында кездесу өтті.
Кездесу барысында елде жүзеге асырылуы жоспарланған «1000 геном» жобасы аясында халық популяциясын геном деңгейінде секвенирлеу мәселелері талқыланды.
Ғылым академиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жоба — Өзбекстан тарихында алғаш рет қолға алынып жатқан кең ауқымды геномдық зерттеу болып табылады.
Жобаның негізгі мақсаты — жеке медицинаны дамыту, тұқым қуалайтын ауруларды ерте анықтау және өзбек популяциясына тән генетикалық деректер базасын қалыптастыру.
Жобаны жүзеге асыруда Illumina компаниясының NovaSeq және NextSeq сияқты жоғары дәлдіктегі заманауи секвенирлеу платформалары қолданылады. Бұл зерттеулерді халықаралық стандарттарға сай жүргізуге мүмкіндік береді.
Шахло Турдикулова атап өткендей: Бұл бастама — тек ғылыми жетістік емес, сонымен қатар болашақтағы салауатты ұрпақ, тиімді медицина мен технологиялық тәуелсіздікке жасалған маңызды қадам. Illumina компаниясымен ынтымақтастық біз үшін стратегиялық маңызға ие.
Кездесу аясында, сондай-ақ, биобанк құру, жергілікті мамандарды даярлау және халықаралық тәжірибе алмасу мәселелері де талқыланды.