Өзбекстан әуежайларында жарылғыш заттарды анықтайтын жаңа технология енгізіледі
Қазіргі таңда әлемнің қай түкпірінде болмасын қауіпсіздікті қамтамасыз ету өзекті міндеттердің біріне айналды.
Осыған орай Өзбекстан әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті одан әрі күшейту, тексеру жүйесін халықаралық стандарттарға сай жетілдіру және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында маңызды қадам жасалды.
«Uzbekistan Airports» акционерлік қоғамы мен америкалық серіктестердің тиімді ынтымақтастығының нәтижесінде республиканың халықаралық әуежайлары заманауи тексеру құрылғыларымен жабдықталады.
Аталған жоба АҚШ-тың Өзбекстандағы елшілігі, АҚШ-тың Көлік қауіпсіздігі әкімшілігі (TSA) және Экспорттық бақылау және шекара қауіпсіздігі бағдарламасымен (EXBS) бірлесіп жүзеге асырылды. Жоба аясында АҚШ Үкіметі «Uzbekistan Airports» компаниясына LEIDOS маркалы 12 заманауи газ анализаторын өтеусіз негізде табыстады.
Бұл құрылғылар Өзбекстанның барлық халықаралық әуежайларына орнатылады. Олар жүктерді, пошта жөнелтілімдерін, багажды және жолаушылардың қол жүгін тексеру барысында жарылғыш заттардың іздері мен буларын жоғары дәлдікпен анықтай алатын соңғы буындағы авиациялық қауіпсіздік құралдары саналады.

Жаңа технологияларды енгізу тексеру үдерістерінің тиімділігін арттыруға, ықтимал қауіптерді ерте анықтауға, әуежайлардағы қауіпсіздік шараларын күшейтуге және Өзбекстанның авиация саласының халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта да озық халықаралық тәжірибені енгізу, инновациялық технологияларды кеңінен пайдалану және жаңа бірлескен жобаларды іске асыру арқылы Өзбекстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту жоспарланып отыр.
Жаңа құрылғылардың іске қосылуы ел әуежайларындағы қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттырып, жолаушылар үшін сенімді әрі қауіпсіз авиациялық орта қалыптастыруға ықпал етеді.