Өзбекстан тарихы мемлекеттік музейіне JICA гранттық жобасы аясында жабдықтар табысталды
Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) мен Өзбекстан Республикасының Мәдени мұра агенттігі «Ұлы Жібек жолы мәдени мұрасын цифрлық архивтер арқылы сақтау» жобасы аясында жабдықтарды табыстауға арналған іс-шара өткізді.
Өзбекстан Ғылым академиясының ақпарат қызметінің мәліметінше, жобаның негізгі мақсаты – Мәдени мұра агенттігін, Өзбекстан тарихы мемлекеттік музейін және Термез археология музейін мәдени әрі археологиялық маңызы бар коллекцияларды мұрағаттауға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету арқылы Өзбекстанның мәдени мұра нысандарын қорғау және сақтау саласындағы әлеуетін арттыру.

Жоба елдегі мәдениетті дамытуға және өңірлердің мәдени өмірін жандандыруға бағытталған. Өзбекстан тарихы мемлекеттік музейі – елдегі жетекші музейлердің бірі. Мұнда 340 мыңға жуық жәдігер сақталған. Олардың қатарында буддизм тарихына қатысты археологиялық ескерткіштерден табылған бұйымдар да бар. Музей қорынан тас дәуірінен бастап Орталық Азия өркениетінің тарихын қамтитын археологиялық, тарихи және этнографиялық материалдар орын алған.
Жоба аясында компьютерлік техника, сканерлер, фотокамералар және презентациялық жабдықтар жеткізіліп, сонымен қатар консультациялық қызметтер көрсетілді.

Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде мәдени және тарихи мұраны цифрландыру арқылы оның ұзақ мерзімді сақталуы қамтамасыз етіледі. Ал цифрландырылған материалдарды арнайы веб-сайтқа орналастыру жергілікті және шетелдік келушілердің олармен танысу және пайдалану мүмкіндігін кеңейтеді.

Айта кетейік осы жоба аясында музей қызметкерлерінің заманауи цифрлық технологияларды пайдалану бойынша біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бастама Жапония мен Өзбекстан арасындағы мәдени мұраны сақтау және ғылыми-зерттеу салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға да үлес қосады.