Өзбекстан Сингапурмен көлік саласындағы ынтымақтастықты дамытпақ
Өзбекстан Республикасы Көлік министрінің орынбасары Абдусамат Моминов Сингапур Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (Штаб-пәтері Сингапурде) Зулкифли бин Бахаруддинмен кездесті.
Министрлік дерегінше, кездесуде тараптар көлік саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылаған.
Атап айтқанда, Сингапурдың қоғамдық көлік, такси қызметін реттеу, кептелістерді жою, әуежайды басқару сияқты салалардағы озық тәжірибесін зерделеу бойынша ынтымақтастық қарым-қатынастарын орнату жөнінде пікір алмасылды.
Елші бұл мәселеде практикалық көмек көрсететініне және Сингапурдың осы бағытта Өзбекстанның стратегиялық серіктесі болатынына сенім білдірген.
Сұхбат барысында тараптар көлік саласына цифрлық технологиялар мен шешімдерді енгізуді жеделдету маңыздылығын атап өтіп, осы бағыттағы ынтымақтастықты жандандыруға келісті.
Кездесу соңында тараптар көлік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты алдағы уақытта жүзеге асырылатын міндеттерді нақтылағаны жайлы айтылады хабарда.