Өзбекстан-Қытай индустриялық паркі құрылады
2023 жыл 8 қазанда Өзбекстан Үкіметінің делегациясы Қытайдың Ханчжоу қаласына барды.
«Ханчжоу Хуацзя» мемлекеттік резиденциясында Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов пен Қытай Мемлекеттік кеңесінің Премьер-министрі Ли Цян бастаған үкіметтік делегациялардың кездесуі өтті.
Кездесуде өзара тауар айналымын 12-13 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндіктер бар екені атап өтілді.
«Бұл ретте «жасыл» энергетика, автомобиль өнеркәсібі, электротехника, түсті және сирек металдарды өңдеу, «ақылды» ауыл шаруашылығы, агро және суды үнемдеу технологиялары салаларында перспективалық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді. Ол үшін заманауи технологияларға негізделген Өзбекстан-Қытай индустриялық паркін құру ұсынылды», делінген хабарламада.
Сондай-ақ, кездесуде алдағы жоғары деңгейдегі келіссөздердің экономикалық күн тәртібін нақты жаңа перспективалы жобалармен толықтыру, қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың жай-күйі туралы өзара пікір алмасылды.
Ханчжоу қаласына сапар аясында екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Huawei, Energy China International, Silk Road Fund сияқты ірі қытайлық компаниялардың басшылығымен кездесулер өткені айтылған ақпаратта.