Өзбекстан Президенті Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің жылдық отырысына қатысады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 3–4 мамыр күндері Самарқанд қаласында өтетін Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің 59-жылдық отырысының іс-шараларына қатысады.
Мемлекет басшысы атаулы шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеп, шетелдік делегациялар жетекшілерімен бірқатар кездесулер өткізеді.
Жиынның негізгі тақырыбы – «Даму тоғысындағы бағыттар: өңірдің өзара байланысты болашағын ілгерілету». Бұл форум жаһандық және өңірлік экономиканы дамытудың басым бағыттарын талқылайтын маңызды халықаралық алаңға айналмақ.
Қатысушылар «жасыл» трансформация, энергетикалық өтпелі кезең, цифрландыру, инвестиция тарту, азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ өнеркәсіптегі жеткізу тізбектерінің тұрақтылығы секілді өзекті мәселелерге ерекше назар аударады.
Бес күнге созылатын саммитке 100-ден астам елдің делегациялары, Азия даму банкі, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі өкілдері, сондай-ақ шетел үкіметтерінен 2 мыңға жуық делегат, жетекші компаниялар мен банктер, трансұлттық корпорациялар топ-менеджерлері және беделді сарапшылар қатысады. Жалпы 4 мыңнан астам қатысушы келуі күтілуде.
Айта кетейік, Өзбекстан 1995 жылдан бері Азия даму банкі мүшесі болып табылады және оның ең ірі серіктестерінің бірі саналады. Қазіргі таңда бірлескен жобалар портфелінің жалпы көлемі шамамен 16 миллиард долларды құрайды. Сонымен қатар Өзбекстан бұл беделді шараны екінші рет өткізіп етіп отыр.