Өзбекстан мен Қытай арасындағы туристік ынтымақтастық нығайып келеді
Өзбекстан мен Қытай арасындағы туризм және азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жыл сайын жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Екі ел арасындағы өзара сенімге негізделген серіктестік туризм индустриясын дамыту мен көлік байланыстарын кеңейтуге тың серпін беріп отыр. Әуе қатынастарының кеңеюі мен туристер ағынының артуы екі ел арасындағы байланыстарды нығайтып, Өзбекстанның халықаралық туризм нарығындағы әлеуетін арттыруға ықпал етуде.
Өзбекстан Туризм комитетінің төрағасы Абдулазиз Аққулов Қытайдың «Loong Air» әуе компаниясының өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында тараптар туризм және азаматтық авиация салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, әуе бағыттарының желісін кеңейту және туристер ағынын ұлғайту мәселелерін талқылады.
Қазіргі таңда «Loong Air» әуе компаниясы Сиань – Ташкент, Чэнду – Ташкент және Сиань – Самарқанд бағыттары бойынша тұрақты рейстер орындап, екі ел арасындағы әуе қатынасын дамытуға үлес қосып келеді.
Кездесуде Қытайдың Өзбекстан үшін ең маңызды сыртқы туристік нарықтардың бірі екені ерекше аталып өтті. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы Өзбекстанға 278,9 мыңнан астам қытайлық турист келген. Ал 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында бұл көрсеткіш 223,5 мың адамға жетіп, екі ел арасындағы туристік алмасудың тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетті.
Келіссөздер барысында қолданыстағы әуе рейстерінің санын көбейту, Өзбекстан мен Қытайдың өзге қалалары арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндіктерін бірлесіп зерделеу, сондай-ақ туристер легін арттыру мақсатында ортақ маркетингтік және жарнамалық жобаларды жүзеге асыру мәселелері де қарастырылды.
Тараптар бұл кездесу Өзбекстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға, көлік байланысын кеңейтуге және елге келетін шетелдік туристер санын арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.