Өзбекстан мен Қазақстан ядролық және экологиялық қауіпсіздік мәселелерін талқылады
«Узатом» агенттігінде Өзбекстанның тиісті министрліктері мен ведомстволары және Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Мансұр Ошурбаев бастаған делегация арасында ядролық, радиациялық және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне арналған жұмыс кездесуі өтті.
Кездесуде Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан атом электр станциясы жобасының техникалық және экологиялық аспектілері талқыланды. Өзбекстан тарапы жоба аясында жүргізіліп жатқан зерттеу және дайындық жұмыстары, қауіпсіздік шаралары мен экологиялық мониторинг жүйесі туралы ақпарат берді.

«Узатом» агенттігінің директоры Азим Ахмедхожаев атом бағдарламасын жүзеге асыруда қауіпсіздік басты басымдық болып табылатынын атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық талаптар халықаралық стандарттармен үйлестіріліп, ядролық, радиациялық және экологиялық қауіпсіздік жүйесі кезең-кезеңімен қалыптастырылып келеді.
Қазақстан тарапы да өңірде атом энергетикасын қауіпсіз дамыту, экологиялық мәселелер бойынша тәжірибе алмасу және ынтымақтастықты нығайту Орталық Азия халқының мүддесіне қызмет ететінін атап өтті.
Тараптар АЭС құрылысы және оны алдағы уақытта пайдалану кезінде қойылатын техникалық әрі экологиялық талаптар жөнінде пікір алмасты.

Сондай-ақ Орталық Азияда атом энергетикасы саласына білікті кадрлар даярлау мәселесіне ерекше назар аударылды. Өзбекстан тарапы оқу бағдарламалары, практикалық тренингтер, академиялық алмасу және саладағы білімді біріктіретін мамандандырылған орталық құру тұжырымдамасын таныстырды.
Тараптар өңірде бейбіт атом энергетикасын қауіпсіз әрі жауапты дамыту бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.
Кездесу соңында ынтымақтастықтың алдағы бағыттары, соның ішінде «Жол картасын» әзірлеу және сарапшылар арасындағы диалогты тұрақты түрде жалғастыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.