Сенаттың жалпы отырысында «Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы бас бостандығынан айырылған адамдарды жазасын өтеуді жалғастыру үшін беру туралы келісімді (Нұр-Сұлтан, 2021 жылғы 6 желтоқсан. ) ратификациялау туралы» Заңы қаралды.
Осы Келісімге Өзбекстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 6 желтоқсанда Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары барысында қол қойылды.
Келісімді ратификациялау арқылы оның күшіне енуі сотталғандарды беру саласындағы нормативтік құқықтық базаны қалыптастырады және екі елдің құзыретті органдарының осы саладағы өзара ынтымақтастығын одан әрі жетілдіруге қызмет етеді.
Бұл келісім Өзбекстан мен Қазақстан азаматтарына сот тағайындаған жазасын өз елінде өтеуге мүмкіндік береді.
Құжатқа сәйкес, сотталғандар тараптардың өтініштері негізінде заңда белгіленген тәртіппен ауыстырылады.
Талқылау барысында сотталғандар өз елінде жазасын өтеуі, жақын туыстарымен үнемі кездесуге мүмкіндік беретіні, бұл отбасылық қарым-қатынасқа оң әсер етіп, сотталғандардың қоғамдық өмірге бейімделуіне ықпал ететіні айтылды.
Сенаторлар мақұлдаған заң азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейтуге қызмет етеді.