Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиёр Ибрагимов бастаған дипломатиялық миссия делегациясы іссапармен Шығыс Қазақстан облысына барды.
Сапар аясында делегация Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездесті.
Кездесу басында Қазақстан тарапы өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуетін таныстырып, Өзбекстанмен сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға қызығушылық білдірілді.
Өзбекстандық дипломаттар сапар барысында осы өңірде тұрып жатқан өзбекстандық азаматтармен де жүздесті. Кездесу кезінде қатысушыларға Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар, шетелдегі отандастарды қолдауға бағытталған шаралар жөнінде кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, консулдық-құқықтық мәселелер бойынша тиісті кеңестер беріліп, Қазақстанның көші-қон заңнамасын қатаң сақтау қажеттігі ерекше атап өтілді.
Сапар аясында Өзбекстан елшілігінің делегациясы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастырған өңірлік инвестициялық форумға да қатысты.
Форумда Қазақстан тарапы бірлесіп жүзеге асыруға дайын бірқатар перспективалы жобаларды таныстырды. Сонымен қатар, Өзбекстан делегациясына 2025 жылдың қыркүйек айында өтетін «Altai Invest – 2025» инвестициялық форумына қатысу ұсынылды.
Дипломатиялық миссия аясында елшілік өкілдері Даулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне барып, студент жастармен де кездесті. Кездесу аясында университет ұжымы ғылыми-зерттеу жобаларын таныстырып, медицина, ауыл шаруашылығы, металлургия және өндіріс салаларындағы инновациялық идеялармен бөлісті.
Жалпы бұл сапар Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты тереңдетуге, нақты инвестициялық, өндірістік және әлеуметтік-гуманитарлық жобаларды жүзеге асыруға тың серпін берді.