Өзбекстан мен Жапония энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтады
Өзбекстан мен Жапония энергетика саласындағы ірі жобалар бойынша ынтымақтастықты нығайтады.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, министр Журабек Мирзамахмудов Жапонияның KEIDANREN Іскерлік ынтымақтастық комитетінің төрағасы Хашимото Такеши бастаған делегацияны қабылдады.
Келіссөздер барысында екі ел арасындағы энергетика саласындағы әріптестіктің қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі кеңейту перспективалары талқыланды. Тараптар Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёевтің 2025 жылғы желтоқсанда Жапонияға жасаған мемлекеттік сапары Өзбекстан–Жапония қарым-қатынасын сапалық жаңа деңгейге көтергенін атап өтті. Әсіресе, жаңартылатын энергия көздері саласындағы инвестициялық ынтымақтастықтың айтарлықтай жанданғаны айтылды.
Кездесуде бүгінге дейін жапон компанияларының қатысуымен энергетика саласында жалпы құны 5,6 миллиард АҚШ долларын құрайтын 14 ірі жоба жүзеге асырылғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта жалпы құны 2,6 миллиард доллар болатын 6 жоба іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, құны 7,7 миллиард долларды құрайтын тағы 7 жаңа инвестициялық жоба әзірлеу кезеңінде тұр.
Тараптар алдағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын да айқындаа алды. Атап айтқанда, магистральдық электр желілері мен қосалқы станцияларды EPC+F тетігі негізінде салу, газ тасымалдау инфрақұрылымындағы компрессорлық станцияларды электрлендіру, жасыл сутегі технологияларын дамыту, электр көліктеріне арналған қуаттау желісін кеңейту және энергия тиімділігін арттыру бағытында жапондық озық тәжірибені енгізу мәселелері талқыланды.
Кездесу соңында тараптар энергетика саласындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға, жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға және өзара тиімді инвестициялық жобаларды жүйелі түрде дамыту жөніндегі ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін растады.