Өзбекстан Халықаралық электротехника комиссиясының толыққанды мүшесіне айналды
Өзбекстан халықаралық стандарттау саласында тағы бір маңызды жетістікке қол жеткізді. Халықаралық электротехника комиссиясы қабылдаған тиісті шешімге сәйкес, Өзбекстан 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап осы беделді ұйымның толыққанды мүшесі мәртебесіне ие болады.
Дауыс беру барысында АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Канада, Аустралия, Түркия, Сауд Арабиясы, Үндістан және басқа да мемлекеттерді қоса алғанда, 46 ел Өзбекстанның толыққанды мүшелігін қолдады.
Сондай-ақ IEC Бас хатшысы Филипп Мецгердің биылғы тамыз айында Өзбекстанға ресми сапармен келетіні расталды.
Мамандардың пікірінше, Өзбекстанның IEC-ке толыққанды мүше болуы елдің электротехника өнеркәсібі, стандарттау жүйесі және экспорттық әлеуеті үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Енді ұлттық стандарттарды халықаралық талаптарға сәйкестендіру, электротехникалық өнімдерді әлемдік нарыққа шығару және жергілікті өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үдерісі жеделдей түседі.
Толыққанды мүшелік Өзбекстанға IEC Бас ассамблеясында ресми дауыс беру құқығын береді. Бұл елдің халықаралық стандарттар саясатын қалыптастыруға тікелей қатысуына және өз ұстанымын ілгерілетуіне мүмкіндік жасайды.
Сонымен қатар, өзбекстандық мамандар ұйымның техникалық комитеттері мен жұмыс топтарының қызметіне толыққанды қатысып, жаңа стандарттарды әзірлеу барысында ұлттық экономика мен өнеркәсіптің мүдделерін қорғауға мүмкіндік алады.
IEC-ке толыққанды мүшелік жергілікті өндірушілер үшін халықаралық нарықтарға шығудағы техникалық кедергілерді азайтуға да ықпал етеді. Әсіресе, IECEE, IECEx, IECQ және IECRE халықаралық сәйкестікті бағалау жүйелеріне қатысу жергілікті зертханалар берген сынақ хаттамалары мен сертификаттардың басқа мемлекеттерде де мойындалуын қамтамасыз етеді.
Аталған шешім электротехника саласымен қатар, өнеркәсіптің басқа да бағыттарында халықаралық стандарттарды енгізу үдерісін жеделдетеді деп күтілуде.