Өзбекстан делегациясы Ресей атом өнеркәсібінің озық тәжірибесімен танысты
Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ачилбай Раматов бастаған делегация Ресей Федерациясына жасаған жұмыс сапары аясында бірқатар кездесулер өткізді.
«Узатом» агенттігінің мәліметінше, делегация өкілдері Воронеж қаласында болып, облыс губернаторы Александр Гусев және жергілікті билік органдарының өкілдерімен қоса Ресейдің атом өнеркәсібі саласының мамандарымен кездесті. Кездесулер барысында мемлекеттік мекемелер мен атом саласы кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастықты тиімді жолға қою, саланы кешенді дамыту және ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру тәжірибелері талқыланды.

Сапар бағдарламасы аясында делегация мүшелері Нововоронеж атом электр станциясының жұмысымен танысып, «Росэнергоатом» концернінің басшылығымен және станция мамандарымен келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ заманауи «3+» буындағы энергия блоктарының жұмысы, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған озық шешімдер және негізгі өндірістік үдерістермен жақыннан танысты.
Атом электр станциясының қызметімен тығыз байланысты қалыптасқан Нововоронеж қаласында тұрғындар үшін қажетті әлеуметтік инфрақұрылым қолайлы жасалған. Заманауи білім беру мекемелері, мәдениет және спорт нысандары, қоғамдық кеңістіктер мен қызмет көрсету жүйелері атом саласы қызметкерлері мен олардың отбасыларына ыңғайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етіп отыр.

Сапар соңында Мәскеу қаласында «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бас директорының бірінші орынбасары, «Атомстройэкспорт» акционерлік қоғамының президенті Андрей Петровпен жұмыс кездесуі өтті.
Онда Өзбекстандағы атом электр станциясы жобасының қазіргі жай-күйі мен алдағы міндеттері талқыланды. Тараптар құрылыс жұмыстарын үйлестіру және жобаны белгіленген жоспарға сай жүзеге асыру мақсатында жедел штаб отырыстарын тұрақты өткізіп тұруға келісті.
Мұндай сапарлар атом энергетикасы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, озық тәжірибелерді зерделеуге және оларды ұлттық жобаларда тиімді қолдануға маңызды үлес қосады. Сонымен қатар бұл бағыттағы әріптестік кадрлар даярлау, технологиялар алмасу және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.