Өзбекстан «Better Cotton» арасындағы халықаралық әріптестік ұлттық өнімдердің беделін арттыруда
Бүгінде әлемдегі мақта шаруашылығын тұрақты дамытуға бағытталған ең ірі халықаралық ұйымдардың бірі – «Better Cotton». Аталған құрылым дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі алпауыт компанияларды бір арнаға тоғыстырады, олардың қатарында «IKEA», «H&M», «Inditex», «GAP», «Nike», «Adidas» және «Levi Strauss & Co.» секілді 300-ден астам әйгілі жаһандық бренд бар. Бұл ұйым мақта өндірісінің сапасын арттыруға, экологиялық және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын кеңінен енгізуге ықпал етіп келеді.
Осындай беделді ұйыммен әріптестік орнату өзбек мақтасын әлемнің жетекші брендтері мен тоқыма компанияларына жеткізу мүмкіндігін кеңейтіп, халықаралық инвесторлар мен сатып алушылар үшін Өзбекстанның тартымдылығын арттырады.
«Better Cotton» ұйымының Өзбекстандағы ұлттық кеңсесінің ашылуы елдің мақта-тоқыма саласында жүзеге асырылып жатқан реформаларға халықаралық қауымдастық тарапынан берілген жоғары баға ретінде қарастырылуда. Бұл Өзбекстанның жаһандық мақта жеткізу тізбегіндегі орнын нығайтып, жергілікті өндірушілер үшін жаңа нарықтарға жол ашып отыр.
ӨР Олий Мажлисі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаева мен «Better Cotton» ұйымының Бас директоры Ник Уэзерилл арасындағы Женева қаласында өткен кездесуде осы мәселелерге ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында Өзбекстанда тұрақты мақта өсіру жүйесін одан әрі жетілдіру, халықаралық стандарттарды кеңінен енгізу, мақта-тоқыма өнеркәсібіндегі қосылған құн тізбектерін дамыту және саланың халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ соңғы жылдары жүргізілген реформалардың нәтижелері мен болашақтағы ынтымақтастық бағыттары жөнінде пікір алмастырылды.
Ник Уэзерилл Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтың жетекшілігімен мақта-тоқыма саласын жаңғырту, заманауи басқару тетіктерін енгізу, экспорттық әлеуетті кеңейту және тұрақты даму қағидаттарын жүйелі түрде іске асыру бағытында жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларды жоғары бағалады.
Кездесуде елде кәсіпкерлік пен инвестициялық қызмет үшін жасалған қолайлы орта, өндірушілерді мемлекеттік қолдау шаралары, халықаралық сертификаттау үдерістерін ынталандыру тетіктері, сондай-ақ салық және кеден саласындағы жеңілдіктер «Better Cotton» бағдарламасын Өзбекстанда одан әрі кеңейтуге және оның ауқымын ұлғайтуға берік негіз қалыптастырып отырғаны атап өтілді.
Тараптар Өзбекстанның әлемдік мақта нарығындағы орны жылдан-жылға нығайып келе жатқанын, сондай-ақ елде экологиялық және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына негізделген мақта өсіру тәжірибесінің кеңейіп жатқанын атап өтті.
Ұйымының Өзбекстандағы өкілдігі Үндістан мен Пәкістаннан кейін ашылған үшінші ұлттық кеңсе болып саналады. Бұл тек елдің мақта-тоқыма саласының жоғары әлеуетін ғана емес, сонымен қатар Өзбекстанның халықаралық мақта өндірісі саласындағы маңызды әрі сенімді әріптеске айналғанын көрсетеді.
Кездесу соңында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, оның ішінде фермерлердің қатысуымен шарттық қатынастарды дамыту, сондай-ақ халықаралық брендтердің елдегі мақта және тоқыма кәсіпорындарына таныстыру сапарларын ұйымдастыру арқылы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде келісімге қол жеткізілді.