Өзбекстан БҰҰ-ның ТДМ-ға қол жеткізуде оң нәтиже көрсеткен бес елдің қатарына кірді
Қазіргі таңда Өзбекстанда «Тұрақты даму мақсаттары айлығы» өтіп жатыр. Оның негізгі мақсаты — халықтың Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қатыстылық сезімін арттыру, елде жүргізіліп жатқан жүйелі реформалардың нәтижелерін кеңінен таныстыру және ортақ мақсаттарға бағытталған күш-жігерді біріктіру.
«Тұрақты даму мақсаттары айлығы» аясында Олий Мажлис Заң шығару палатасының Еңбек, денсаулық сақтау және әлеуметтік мәселелер комитеті «Лайықты еңбек пен тиімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбында кездесу өткізді.
Жиында БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын ұлттық деңгейде жүзеге асыру, өңірлердегі аз қамтылған халық санын қысқарту, сондай-ақ тұрғындарды лайықты еңбекпен және тиімді жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен олардың нәтижелілігі талқыланды.
Іс-шарада атап өтілгендей, елде кедейлікті азайту, халықты жұмыспен қамту және тұрғындардың табыс көздерін кеңейту бойынша жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 11 миллион адам кедейліктен шығарылып, кедейлік деңгейі 4,2 пайызға дейін төмендеген.
Соңғы бес жылда 1 миллион жұмыссыз азамат заманауи кәсіптерге оқытылып, жоғары табысты жұмысқа орналастырылды. Әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру бағытында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, 2025 жылы 1 миллион 700 мың әйел табыс әкелетін еңбекке тартылды.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде Өзбекстан кейінгі он жылда БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында ең жоғары оң көрсеткішке ие болған бес елдің қатарына кірді.
Кездесуде жұмыссыздықты азайту, еңбек көші-қоны саласына заманауи тәсілдерді енгізу, жекелеген көрсеткіштерге қол жеткізу қарқыны бойынша өңірлер арасындағы айырмашылықтар және халықты алаңдатып отырған өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасылды. Тұрақты даму саласындағы ұлттық міндеттердің тиімді орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар ұсыныс айтылды.