Өзбекстан Alibaba Cloud-пен жасанды интеллект саласындағы серіктестікті кеңейтеді
Қытайдың Шанхай қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы аясында ӨР Цифрлық технологиялар министрі Шерзод Шерматов әлемдегі жетекші технологиялық компаниялардың бірі – Alibaba Cloud басшылығымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында жасанды интеллект, бұлтты технологиялар, деректерді өңдеу орталықтары (Data Center), заманауи цифрлық инфрақұрылымды дамыту және жоғары білікті IT мамандарын даярлау мәселелері талқыланды.
Alibaba Cloud өкілдері компанияның жасанды интеллект саласындағы соңғы әзірлемелері, озық AI модельдері, бұлтты қызметтері және аталған технологияларды түрлі салаларға енгізу тәжірибесі туралы мәлімет берді. Олар Өзбекстандағы жастардың әлеуетін, қарқынды дамып келе жатқан цифрлық нарықты және жасанды интеллектті дамытуға бағытталған реформаларды жоғары бағалады.

Цифрлық технологиялар министрінің айтуынша, бүгінде Өзбекстанда Alibaba Cloud-тың ашық жасанды интеллект модельдері мен технологияларын пайдаланатын жергілікті компаниялар саны артып келе жатыр. Сонымен қатар ол, адами капиталды дамыту, жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру және жасанды интеллект саласындағы тәжірибелік ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығына тоқталды.
Кездесуде Өзбекстанда деректерді өңдеу орталықтарын дамыту үшін жасалған қолайлы инвестициялық орта, соның ішінде «жасыл» энергияға негізделген инфрақұрылым мүмкіндіктері туралы да айтылды.
Тараптар елдегі жасанды интеллект инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамыту, жергілікті бағдарламашылар мен кәсіпорындар үшін заманауи AI платформаларының мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ UZINFOCOM және UNICON-SOFT инженерлік командаларымен бірлесіп жаңа буын мамандарын даярлау мәселелерін талқылады.
Әсіресе денсаулық сақтау, білім беру және басқа да маңызды салаларға арналған жасанды интеллект шешімдерін әзірлеп, енгізе алатын инженерлер тобын қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты күшейту және мемлекеттік органдар мен бизнес қажеттіліктеріне сай жасанды интеллект шешімдерін әзірлеу мәселелері күн тәртібінен орын алды.
Кездесу соңында жобаларды Жасанды интеллектті дамыту орталығының үйлестіруімен практикалық кезеңге шығару, техникалық командалар арасындағы ынтымақтастықты жолға қою және алғашқы нәтижелерді биыл қыркүйекте өтетін ICT Week Uzbekistan аясында таныстыру жоспарланды.