«Өзбеккино» Ұлттық агенттігінде Өзбекстандағы Қазақстан Республикасының елшілігімен кездесу өтіп, онда екі тараптың алдағы ынтымақтастығы талқыланды.
Кездесуде «Өзбеккино» агенттігі тапсырысы бойынша таспаланған режиссер Хилол Насимовтың «Мұра» (мерос) атты көркем фильмі көрсетілді.
Көрсетілім аяқталғаннан кейін Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дархан Сатыбалды агенттіктің бас директоры Фирдавс Абдухоликов, кинорежиссер Хилол Насимов және «Өзбеккино» агенттігі өкілдерімен сұхбаттасты.

Сұхбат барысында агенттік бас директоры Қазақстан елшілігін «Өзбеккино» компаниясымен ынтымақтастыққа шақырды. Ол ең алдымен «Мұра» көркем фильмінің ірі премьераларын Өзбекстан мен Қазақстанда өткізуді ұсынып, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою арқылы кино нарығын жақсартуды және қыркүйек айына жоспарланған «Жібек жолының інжу-маржаны» атты Ташкент халықаралық кинофестиваліне қатысуды ұсынды.
Өз кезегінде Қазақстан елшісі осынау игі істер мен барлық ұсыныстарды жөн санап бұл ынтымақтастық киноиндустрияның дамуына әсер ететіндігін айтты.