Аргентинаның ұлтық құрамасының бұрынғы шабуылшысы, футбол тарихындағы аңыз аладоп шебері Диего Армандо Марадона 60 жасында қайтыс болды.
«Clarin» басылымының хабарлауынша, Марадонаның өліміне кенеттен жүректің тоқтауы себеп болған.
Қазан айының соңында ол медициналық тексеруден өту үшін ауруханаға жатқызылып, оған субдуральды гематома диагнозы қойылды. Мұндай гематомалар, әдетте, ми жарақаттарының асқынуы нәтижесінде пайда болады. Жас ұлғайған сайын ол созылмалы гематомаға айналуы мүмкін.
Жасыл алаңның аңызына айналған Марадонаның қайтыс болуына орай Аргентинада үш күндік аза тұту жарияланды.
Диего Марадона футболшылық кезеңінде «Барселона», «Наполи» және «Севилья» клубтарында ойнады. 1977-1994 жылдары ол Аргентина ұлттық құрамасы сапында ойын көрсетіп 1986 жылғы Әлем кубогын жеңіп алды және 1990 жылғы Әлем чемпионатында күміс медалға қол жеткізді. Ол «FIFA» сайтындағы сауалнама нәтижесінде ХХ ғасырдың үздік ойыншысы деп танылды.