Владимир Норов Үндістан Премьер-Министрінің кеңесшісінің орынбасарымен кездесті
2022 жылғы 19 тамызда Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрінің м.а. Владимир Норов Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кезекті отырысына қатысу үшін Өзбекстанға келген Үндістан Республикасы Премьер-Министрінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісінің орынбасары Викрам Мисримен келіссөздер жүргізді.
Өзбекстан СІМ мәліметінше, тараптар екі ел басшыларының өзара сенім диалогы мен практикалық күш-жігерінің арқасында қол жеткізілген Өзбекстан-Үндістан стратегиялық серіктестігі мен көп қырлы ынтымақтастық қарым-қатынастарының қарқынды дамуын атап өтті.
В.Мисри Үндістан үкіметі Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар бағытын толық қолдайтынын айтып, Нью-Дели Өзбекстанмен барлық екіжақты бағыттар бойынша және «Үндістан + Орталық Азия» бағдарламасы аясында ынтымақтастықты жандандыруға дайын екенін айтты.
Өзбекстанның Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы өзара тәуелділікті дамытудағы күш-жігері жоғары бағаланды. Бұл бастама тарихи жақын екі аймақтың орасан зор сауда-экономикалық, инвестициялық, көліктік және транзиттік әлеуетін жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Әлемдегі және аймақтағы қазіргі жағдай туралы пікір алмасылды. В.Мисри Өзбекстанның Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету, ел экономикасын қалпына келтіруге бағытталған инфрақұрылымдық, көлік және энергетикалық жобаларды жүзеге асырудағы белсенді қадамдарын құптады.
Халықаралық институттар арқылы ынтымақтастық орнату туралы келісімге қол жеткізілді. ШЫҰ аясында өтіп жатқан шаралардың ұйымдастырушылық аспектілеріне ерекше назар аударылды. Үндістан делегациясы Өзбекстанның ШЫҰ-ға төрағалығының басымдықтарын жүзеге асыруда жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.