Вьетнамның оңтүстігіндегі хайуанаттар бағында құс тұмауының таралуынан кейін ондаған жолбарыс көз жұмды.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, жыртқыштар ауру тауықтардың етімен қоректенгеннен кейін қайтыс болған.
2024 жылдың тамыз айында вирус салдарынан үш арыстан мен пантера, сондай-ақ 47 жолбарыс өлгені белгілі болды. H5N1 вирусы Хошимин қаласына жақын Вуон Хоай хайуанаттар бағында және Лонган провинциясындағы Май Куин бағында тіркелген.
Вьетнам Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өлген жолбарыстардан алынған сынамалар құс тұмауы вирусын растап, үкімет «осы құс етінің көзін анықтауға кіріскен».
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) веб-сайтындағы ұсыныстарға сәйкес, жұғу қаупі жоғары болғандықтан, құс тұмауы өршіп тұрған аймақтардан шикі немесе жақсы пісірілмеген ет пен жұмыртқаны тұтынбау ұсынылады.