Венгрияда төтенше жағдай жарияланды
Венгрияда құрғақшылық пен су тапшылығына байланысты төтенше жағдай жарияланды.
Бұл туралы елдің Қоршаған орта министрі Ласло Гайдош өзінің «Facebook» парақшасында мәлімдеген.
Министрдің айтуынша, ел аумағының шамамен 74 пайызы су тапшылығынан зардап шегіп отыр. Осыған байланысты су шаруашылығы жүйесі ең жоғары дайындық режиміне көшірілген.
«Венгриядағы су тапшылығы байқалған 84 ауданның 66-сында құрғақшылық индексі белгіленген үш шекті деңгейден де асып түсті. Сол себепті төтенше жағдай жарияладым», – деді Ласло Гайдош.
Оның сөзінше, мамандар жағдайды тұрақтандыру үшін жедел жұмысқа кіріскен. Атап айтқанда, Дунай өзенінің Пакс қаласы маңындағы бөлігінде төрт сорғы станциясы мен екі жүзбелі кран дайындыққа келтірілген. Су деңгейі одан әрі төмендеген жағдайда да сумен жабдықтауды үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында 55 маман тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
Жағдай әсіресе ауыл шаруашылығы дамыған өңірлерде күрделі болып отыр. Дунай өзеніндегі су деңгейі рекордтық көрсеткішке дейін төмендеген. Атап айтқанда, Пакс маңында су деңгейі 116 сантиметрді құраса, елдің оңтүстігіндегі Бая қаласында небәрі 4 сантиметрге дейін түскен.
Мәліметтерге сәйкес, Дунайдағы су деңгейінің күрт төмендеуі кеме қатынасына да кері әсерін тигізіп отыр. Сонымен қатар Венгриядағы жалғыз Пакс атом электр станциясы да су тапшылығына байланысты электр энергиясын өндіру қуатын азайтуға мәжбүр болған.