Саид АХМАД, Өзбекстанның халық жазушысы
Адам баласының көзінен жас шықпаса қиын екен. Жүрегіңді қинаған қайғы-қасірет, ауру, ашу-ыза бәрі жаспен шығып кетер ме еді? Сондықтан да, "кейде жылап алған пайдалы, ішіңді кемірген у көз жасыңмен ағып кетеді" деп бұрынғының кісілері бекер айтпаған-ау. Даналық сөздер!
Тәліпжан жылай алмайтын. Жоқ, жылайды, бірақ ол үнсіз жылайтын, көз жасын шығармай, жүрегімен. Ол іштен жылайтын.
Үнсіз жас шығармай жылау Тәліпжанға қиын тиді. Сол күндері қап-қара шашы ақ кептер қауырсыны секілді ағарып кетті. Ақыр соңы жүйкесі сыр беріп, даңғара шуға шыдамайтын, сөзді көтере алмайтын болып қалды. Енді дәрігерлердің айтқанын тыңдап, солардың берген ем-домына көнбесе болмайтын халге жетті.
Қатты бір қиналғанда алыс ауылда қалған қарындасын есіне алды. Қарындасын көрмегелі отыз төрт жылдан асыпты. Жұбайы не жұмыс істейді екен? Неше баласы бар екен? Есіне түсіре алмады, өйткені білмейтін еді. Бірақ туған ауылы бар ғой. Ол сонда өсті. Балалық шағы өткен көшелер, суына ертелі-кеш шомылған өзен, тып-тыныш өңір... Оған сол кезде өзен ағысы гүрілдеген шулы, ал даласы мүлгіген тыныш болып көрінетін.
Мүмкін іздеген тыныштықты сол жерден табар. Тәліпжанға дәл қазір тыныштық керек еді!
Осы оймен, сөмкесін арқалай, ол жолға шықты.
Өзен Бахмалсай қыстағының қақ ортасынан, ауылды екіге бөліп ағады. Ауылдан шыға бере өзен арнасы бірнеше салаға бөлініп, ортасында аралдар пайда болған. Тәліпжан бала кезінде достарымен жалаң аяқ су кешіп, сол аралдарда құмға көміліп, күні бойы аспанға қарап жататын. Ол кезде аспан қазіргіден де көкпеңбек боп көрінетін еді. Аппақ бұлттар ауыл үстінен ақырын жылжып көшкен. Қамыс арасынан құрбақаның құрылдағаны, үйректің барқылдағаны естіледі.
Тәліпжан көкке көз тігіп, бір мезетте бала қиялымен жер шарын айналып шығатын. Түнгі аспандағы жыпырлаған жұлдыздарды тамашалап, таңды атыратын...
Міне, дәл қазір Тәліпжан сол баяғы балалық шағы қалған өзеннің үстіндегі көпірде тұр. Енді ол жалаң аяқ, денесі күнге күйген қара қайыстай, қайғы-мұңы жоқ бала емес, шашы ағарған, жүзін әжім басқан кексе Тәліпжан еді. Тастарға ұрылып ағып жатқан өзенге қарап тұрып балалық шағының іздерін іздейді. Бұл өзен ағысының қойнауына қаншама құпиялар сіңіп кетіп жатыр десеңші. Осында балиғатқа толып, ер жетті. Анау аралдарда алғашқы армандары мен үміттеріне қол созды. Сары топырағы борпылдаған ауылдың тыныш көшелерін кезіп жүріп, жүрегіне қуанышты әндей, ұмытылмас жырдай әсер еткен алғашқы махабатын кездестірді. Ол күндер енді қайтып келместей алысқа, тым алысқа ұшып кеткен.
Жүрегіне жылу берген естеліктерге беріліп Тәліпжан көпір үстінде ұзақ тұрды.
Қарындасының үйіне тек кеш бата жетті.
Тәліпжанның көз алдына бұдан отыз төрт жыл бұрынғы кеудесі толысқан, жүзінен күлкі кетпейтін он тоғыз жастағы бойжеткен келеді. Қарындасы өзінен екі жас кіші еді. Қазір қандай болды екен?
Қақпаны ашып, есіктен ақырын ішке кірді.
Мотоциклін төңкеріп тастап, оны шұқылап жатқан он төрт-он бес жасар бала бейтаныс кісінің аулаға кіріп келгеніне таңғалып, май-май қолын шалбарына сүртіп, орнынан тұрды.
Ауланың қарсы бұрышында тағы үш-төрт бала жерге бастарын шұқырайтып, олар да бір нәрсе істеуде. Сәкіде аулаға арқасын беріп бір кемпір шәй ішіп отыр. Тәліпжан ауланы, үйді, сәкіні көзімен бір шолып шықты. Мүмкін қарындасы басқа жаққа көшіп кеткен шығар, мұнда бөтен кісілер тұрып жатса ше? Секем алып, соны ойлағанда жүрегі сыздап, шаншып сала берді.
Балақай жақын келіп, амандасқан соң оған сұраулы назар салды.
- Зейнептің үйі ме бұл?
- Иә, кіріңіз.
Тәліпжан жеңіл дем алды.
- Сіз Зейнептің кімі боласыз?
- Мен немересі боламын. Өзіңіз кім боласыз?
Тәліпжан жауап беріп үлгірмеді. Сәкіде шәй ішіп отырған кейуана немересінен сұрады:
- Кіммен сөйлесіп жатырсың, балам?
Тәліпжанға таныс дыбыс. Жүрегі құрғыр шым ете қалды. Иә, бұл соның дауысы! Жақын да жылы, алыс әрі ұмытыла бастаған әуез... Тәліпжан қол жүгін жерге тастай сала, сәкіге қарай жүгірді. Аяқ дауысын естіп, кемпір орнынан көтерілмек болды.
Тоқсаннан асқан кәрі кісінің орнынан тұруға шамасы жетпеді. Бұл оның өгей шешесі еді. Ол ауылдан кеткенде шешесі алпыстар шамасында болатын. Тәліпжан ентелеп келіп, сәкіге еңкейіп, кейуананы құшақтады. Басын кеудесіне қойып, үнсіз қалды.
- Кімсің, балам? Иісің таныс сияқты.
Кемпірдің көзі көрмейтін еді. Тәліпжанның иығына қолын салып, арқасын сипалады. Танымады. Тағдыр деген осы!
- Өзің айтшы кім екеніңді. Тәліп емессің бе, балам?.. Тәліпжанымның иісі мұрныма келгендей.
Өмірінде көзінен жас шықпаған, жыламайтын Тәліпжанның көкірегі осы кезде қарс айырылды. Еңкілдеп кеп жылап берді.
Кемпір басынан сипап, бетін кеудесіне басты...
- Қайда жоғалып кеттің, балапаным. Көзім көретін кезде қайда болдың, тентегім?
Тәліпжан өксігін баса алмады, көзінен жас тоқтамай жылай берді, жылай берді.
Тәліпжанды кеудесінен сәл босатып, кемпір шөберелеріне қарата дауыстады.
- Неғып серейіп қатып қалдыңдар, әжелеріңді шақырмайсыңдар ма? Әке-шешелеріңе хабар бермейсіңдер ме? Жүгіріңдер. Нағашымыз келді деп айтыңдар!
Аула бір мезетте шу болды да кетті. Жеткіншектер тапырлап әжелерін, Тәліпжанның қарындасын іздеуге жүгіріп кетті.
- Шіркіндер-ай, шуылдаған, Алла өмірлерін ұзақ етсін, - деді кемпір ризашылықпен.
Үсті жабылған шәйнекті сипалап тауып алып, ептеп кесеге шәй құйды.
- Қанеки, балам! Шәйден ал. Даршын салып демделген. Іше ғой балам.
Тәліпжан кесені қолына алды. Шәйді іше отырып, бұдан отыз жылдан аса уақыт бұрын да шешесінің осылай даршын салып шәй демдейтіні есіне түсті. Дәл қазір шәйді ұрттаған сайын сол баяғы балалық шағына оралғандай сезімге бөленді.
Бір кесе шәйді ішіп болам дегенше аула адамға толды. Басына орамал тартқан, елулер шамасындағы әйел ентелеп келіп Тәліпжанды бас салып құшақтады.
- Ағатайым! Бауырым, бармысың!
Бұл оның қарындасы Зейнеп еді. Тәліпжан оның жүзіне сағынышпен әбден қарады.
- Амансыңдар ма? Міне, келдім!
Қобалжығаннан аузына түскен сөз осы ғана болды.
Жиырма шақты бала бұларға қызыға қарап тұр. Зейнеп ағасын құшағынан босатып, немерелеріне қарады:
- Неге қарап тұрсыңдар, амандасыңдар, бұл сендердің нағашыларың! Шақырыңдар әкелеріңді, бәрін шақырыңдар.
Балалар әлдеқашан хабар беріп үлгірген екен, аулаға кісілер кіре бастады.
Үш қызы тұрмыста, әрқайсысының төрт-бестен баласы бар. Ал үлкен ұлының алты баласы бар екен. Зейнептің күйеуі Тәліпжанмен құшақтасып амандасқан соң, қорадан бір семіз қойды жетектеп алып шықты. Қойды кемпірдің алдына сүйреп алып келіп, ол кісіден бата сұрады. Кемпір ішінен күбірлеп құран оқып, бетін сипап, батасын берді. Қой сол жерде бауыздалды.
Кеш түсіп, үйлердің шамдары жанды. Зейнеп ауладағы ағаш астына кең дастарқан жайды. Үлкен күйеу бала кемпірді абайлап көтеріп, үстел басына отырғызды. Дастарқан басына көрші-қолаң, құда-жекжат, достары жиналды. Зейнеп ағасының иығына зерлі шапан жауып, басына тақия кигізді. Қарсы алдына отырып, көзінен көзін алмай ұзақ қарады. Біресе күледі, біресе жылайды. Күлгенде де көз жасы тоқтамады. Қуанышын қалай жеткізерін білмеді.
Тәліпжан да қалың ойға шомып кетті. Жүрегі қанша елжіресе де бұл жолы көзінен жас та шықпады, күле де алмады.
Жатарда ағасына төсекті Зейнеп далаға, күйеуінің қасына салып берді. Шаршаған екен, ол тез ұйқыға кетті, ал Тәліпжан ұйықтай алмай, аспанға қарап жатып, бала кезіндегі жұлдыздарды көргендей болды. Жұлдыздар сол баяғыдай жымыңдайды.
Түн тыныштығы құлаққа ұрған танадай. Аспанда жыпырлаған жұлдыздар. Ай шар тәрізді дөңгеленіп бұлттардың арасынан жарқырап шыға келді. Толған Айдың жарығы дәл қазір Тәліпжанның жүрегін жібіткісі келгендей нұрын шашып тұр. Жым-жырт тыныштықта аулада өсіп тұрған ескі қарағаштың бұтақтарында отырған торғайлардың қимылдағаны ғана естіледі.
Мүлгіген тыныштықты гүрс еткен күшті жарылыс бұзды. Бір емес, қатарынан үш рет жарылды. Тәліпжан көрпесін иығына жамылып, жүресінен отырды...
... Күн әлі шықпаған, ал Зейнеп үй шаруасымен айналысып жүр - қамыр илеп, ошақ басында күйбеңдеп жатыр. Тәліпжанның балалық шақтағыдай ыстық таба нан жегісі келіп, аңсары ауды. Ағасының тұрғанын байқаған Зейнеп оның қасына келді.
- Тауды қопарып жатыр. Су қоймасын соғамыз дей ме... Ұйықтай тұрмадыңыз ба ағатай, әлі ерте ғой...
Аспанда найзағай ойнағандай болды. Бұл электр дәнекерлегіштің жарқыраған оттары еді. Олар биік шынар ағашының ар жағынан шашырап, алып шамды жағып-сөндіргендей. Алыстан техника даусы естіледі - көтергіш кран немесе экскаватор болар. Бұл шу Тәліпжанға таныс еді. Сондықтан ол мазасызданудың орнына, қайта көңілі орнына түсіп, қуанғандай болды. Басын жастыққа қайта тигізіп, жаңа жарқылды күтіп жатты.
Таң сібірлеп атып келе жатқанда аспан ерекше бір нұрланып, алып шынар басынан күн сәулесі шашырады. Алыстан техника дүрілі әлі де естіліп тұр. Тәліпжан орнынан тұрмады, төсекте жатып терең ойға түсіп кетті...
Отыз төрт жыл бұрын туған ауылынан кеткенде ол бар болғаны жиырма бір жаста еді. Институт бітірді, соғыста болды, майданнан оралды. Мәскеуде аспирантурада оқыды. Ауылына келуге бір ыңғайы болмады. Кейде, "ауылда мені кім күтіп отыр дейсің" деп ойлайтын. Шешесі мейірімді, жақсы әйел, бірақ өгейдің аты өгей. Қарындасы да туған емес. Кімге керекпін?
Зейнеп бойжеткенде, өгей шеше "қызымды бөтен үйге жібергеннен не табамын?" деп, екеуін үйлендірмек болғаны есіне түсіп кетті.... Өз шешесі қайтыс болғанда Тәліпжан төртке жаңа толған еді. Әкесі үйге екі жасар қызы бар жесір әйелді алып келген. Мына тоқсаннан асып отырған кейуана, сол әкесі үйленген әйел болса, Зейнеп - шешесінің артынан еріп келген екі жасар қызтын.
Олар бірге өсті. Тәліпжан Зейнепті туған қарындасындай жақсы көрді. Зейнеп бойжеткенде Тәліпжан ауылдан кеткен еді.
Соғыстан оралғанда, ауылға қайтпады. Бірде шешесінен хат алды, шақырыпты. Тәліпжан үйленіп, шетелдік іссапарға дайындалып жатқан. Ауылына барып қайтуға тағы да уақыт таппады.
Қаншама мемлекеттерде болып, басынан не өтпеді! Ань-Шань металлургиялық комбинаты, Ауған тас жолының құрылысы, Асуан бөгеті...
Тәліпжанның көз алдынан бар өмірі өтіп жатты: шаттықтан басы айналған бақытты күндері де, қан жұтып қайғырған қаралы күндері де.
Ұлды болды. Ань-Шань комбинатында ол кішкене сәби еді. Асуан бөгетінде - жасөспірім болды. Автомагистраль салынып жатқан кезде, ұлының дауысы өзгеріп, балаң мұрты тебіндеген бозбала шаққа жетті. Тәліпжан әйелі екеуі ұлдарын, отандық мектепті бітірсін деп елге жіберуге шешім қабылдады.
Одан ұлдары әскерге шақырылды.
Одан кейін!... Әйелі жол апатында қаза тапты. Тәліпжан сөйтіп жарын жат жерге жерледі. Қаншама отбасылық қиындықтарды бірге кешті. Ұлын көруді армандап еді, марқұм!
Біраз уақыт өте Тәліпжан елге оралды. Ұлы әлі әскерде қызмет ететін. Анасының қайтыс болғанынан бейхабар еді. Қаралы хабарды айтуға Тәліпжанның дәті сол бойы батпады.
Бар өмірі осы. Пешенесіне жазғаны.
Қазір де, балалық шағынан таныс аспанға қарап жатып, өз өмірі туралы тағы да еске алды...
Күн көтеріле оянса, төсегінің басында өгей шешесі отыр екен. Артынан шөберелері сығалап, жаңадан пайда болған нағашыларынан көздерін алмайды.
- Тұра ғой, балам.
Бала кезінен таныс дауыс құлағына жағымды естіліп, жүрегіне жылы тиді. Бір мезет, кемпірді құшақтап, өз қайғысымен бөліскісі келді. Бірақ, айта алмады. Тәліпжанның қайғысының қалың екенін, оның жүрегінің жылап тұрғанын ол сезді. Шәй үстінде қарсы алдында отырып, ақырын сұрады:
- Білемін, ішің жылап отыр. Сыртқа шығар, балам. Айт маған.
Тәліпжан ішіп отырған шәйін әрең жұтты.
- Келініңізді бөтен елде, жырақта жерледім, - деді дауысы дірілдеп. - Ұлымыз қаза болды...
Кемпір үнсіз қалды. Қартайғаны соншалық, ол жылай да алмайтын еді. Тәліпжанға қарай қимылдап, қолымен басын сипады.
- Өмір деген сол, балам. Біреулерге - бақыт сыйлайды, біреулерге - қасірет. Қолдан келер не шара бар?! Көзім көрмесе де, көңіліңде бір мұң бар екенін көкірегім сезіп еді. Бақытыңды бөтен жерде көміп қайтыпсың... Иә, балам, тағдыр сені біраз тезіне салған екен... Қазір күйеу бала келеді. Бірге тауға барып қайтыңдар, сергіп қаларсың.
Тәліпжан кемпірді көтеріп сәкіге алып келді. Мүлдем салмағы сезілмеді. Ал, кезінде қандай денелі әйел еді. Есіне оның білезік тағып жүретіні түсіп кетті. Әйелдің қолдарында сол жуан күміс білезік жіңішке болып көрінуші еді. Қазір қараса қолдары шыбықтай.
- Даршын салып демделген шәйімді де осында беріп жіберші, балам. Содан кейін, жүре бер, күйеу бала артыңнан қуып жетеді. Уайымдама қарағым, уақыт емші, бәрі де өтеді. Ұмытып барады екем, тоқтай тұр... Тізе бүкші.
Тәліпжан сәкінің шетіне отырды. Кемпір оның әйелі мен ұлына бағыштап құран оқыды да, бетін сипады.
Тәліпжан балалық шағынан таныс көшеге шықты. Күн сәулесі көзге шағылысады. Кезінде шаң басқан жолдарға асфальт төселіпті. Онымен ары-бері, тас, құм тасыған жүк автомобильдері жүйткуде. Жолдың жаңа екенін, оның үстінде машина доңғалақтарының іздері қап-қара болып қалып жатқанынан байқауға болады.
Ауыл көшелерін ұзақ аралады. Бірақ ешкімді кездестірмеді. Қазір қолы бос адам жоқ, бәрі жұмыста.
Бала кезінде баруды ұнататын жеріне қарай жол тартты. Аяқ киімін шешіп, балағын тізесіне дейін қайтарып алып, өзенді кешіп, аралға өтті. Бұл жерде су ақырын ағып жатыр, тек біраз алыста тастарға соғылып, шапшып жоғары атылуда. Мотор шуының дауысы осында да естіліп жатты. Таудағы үңгір жақтан техниканың сылдыры мен гуілі анық келіп тұр. Тәліпжан құмға шалқасынан жатты да, қайтадан аспанға қараумен болды.
Міне туған Отан аспаны деген, ашық, мөлдір. Батыстан жөңкіген бұлттар, сәби көңіліндей нәзік әрі таза, қоян көжегіндей жұмсақ еді. Мотор дауысы бір басылмады.
Тәліпжан туған ауылына тыныштық іздеп келген еді. Бірақ, бұл жерде тыныштық жоқ екен. Баяғы бала кезіндегі тыныштық бұзылыпты. Мүлгіген шынар ағаштары мен ғасырлар бойы ұйқыдағы жартас та ояныпты. Тіпті балалық шағының талай сәттерін ағызып әкеткен өзеннің тыныш сулары да қазір мотор қалақтарын шыр айналдыруда. Кезіндегі тыныштық мекені дәл қазір қайнап жатқан қазанға ұқсайды.
Тәліпжан құмда сол жатқаннан, кешке дейін жатты. Ақырын соққан желмен бірге, балалық шағы туралы естеліктер есіп тұрған осы жерден оның кеткісі келмеді.
Кеш бата аяқ киімін қолына ұстап, ауылдың көшелерімен жалаң аяқ тартты. Өзін өте жеңіл сезінді, қанат біткендей еркін жүрді. Өйткені, көңіліндегі кірбіңнің бәрін сол аралдағы құмда қалдырып, жан тыныштығын тапты. Туған ауылының көшелерімен келе жатқан Тәліпжан, өзінің жүрегінде шермендей болып қатып қалған, шешуін таппай жүрген түйінді қалай шешетінін енді білетін еді.
Ол тыныштықты іздеді. Сөйтсе, тыныштық бар жерде, өмір жоқ екен.
Тыныштықта өмір өшеді. Тыныштық тек тастарды ғана емес, адам жанын да бұзады. Тұрған су сасып кетеді, өспеген ағаш шіриді, үнсіздік өмірді қызықтырып, арбап артынан тұншықтырады. Тек нағыз өмірде ғана адам тыныштық табады. Өмірдің мәні де осында болар.
Ертемен Тәліпжан ат ерттеп мініп, су қоймасы соғылып жатқан тау жаққа қарай шықты.
Алыстан, екі салт атты көрінді. Біреуі аяғын үзеңгіге тіреп тұрып, жан жағына көз салды. Бұл - Тәліпжан еді. Ол өз ауылына қарап тұр. Төменде өзен
Алыстан, екі салт атты көрінді. Біреуі аяғын үзеңгіге тіреп тұрып, жан жағына көз салды. Бұл - Тәліпжан еді. Ол өз ауылына қарап тұр. Төменде өзен ағуда, ағаштар сыбдырлауда. Ал тау қойнауында - экскаватор шуылы, тау жыныстарын бұзып жатқан жарылыс гүрсілі. Тыныштықты ығыстырған, тірі әлемнің бір бөлігі осы емес пе.
Тәліпжан атына қамшы басты. Ат таудың ұшар басына қарай шаба жөнелді...
өзбек тілінен аударған Рашид БЕЙБІТҰЛЫ