Түркістан делегациясы Хорезмге келді
Хорезм облысының әкімі Журабек Рахимов Қазақстан Республикасының Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровпен кездесті.
Кездесу барысында туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен туристік бағыттарды әзірлеу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ мәдени және гастрономиялық туризмді дамыту мәселелері талқыланды.

Тараптар көпжылдық тату көршілік пен бауырластық қатынастарды одан әрі бекемдей түсуге бағытталған келешек жоспарларды келісіп алды.
Сапар аясында екі өңірдің кәсіпкерлері мен бизнес өкілдері арасында өткен кездесулер де өзара тиімді серіктестікке жол ашты.

Тарихы мен бүгіні үндескен Түркістан мен Хорезм облыстарының туристік әлеуеті, көне дәуірлерге жетелейтін мәдениеті, қала құрылысы мен сәулет өнері, сондай-ақ туристерді қабылдау мүмкіндігі саланың мамандары тарапынан кеңінен таныстырылды.
Кездесуде киелі Түркістанда жерленген Ахмет Яссауи мен Фараби, Хорезм өңіріндегі Юсуф Хамадани мен Пахлауан Махмуд сынды әулиелердің кесенелері бар екені аталып, екі өңірде де тілі мен ділі бір, бауырлас халықтардың мекендейтіні, бұл аумақтарда зиярат туризмін дамытуға зор мүмкіндік бар екені сөз болды.

Сондай-ақ инвесторлар мен кәсіпкерлерге екіжақты серіктестік негізінде жұмыс бастауға арналған мүмкіндіктер мен жеңілдіктер жайында жан-жақты ақпарат берілді.
Соңғы жылдары Хорезмге келуші ішкі және шетелдік туристер саны бірнеше есеге артқаны, заманауи қонақүйлер мен қызмет көрсету түрлері кеңейіп келе жатқаны ерекше атап өтілді.
Келіссөздердің қорытындысында екі тарап өзара тиімді келісімдерге қол қойды. Тараптар туризм саласын жаңа деңгейге көтеру бағытында бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуге уағдаласты. Бұл кездесу тек экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтып қана қоймай, Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңін бастауға негіз қалады.