Дональд Трамп әкімшілігі Илон Маск командасына байланысты Қаржы министрлігі қызметкерлеріне триллиондаған доллар көлемінде төлемдер жүзеге асырылатын федералды жүйеге қол жеткізуге рұқсат беру жоспарын бекітті.
Қаржы министрі Скотт Бессент департаментте жұмыс істейтін және Масктың DOGE тобына қатысы бар “Cloud Software Group” компаниясының бас директоры Том Краус бастаған командамен келісім жасасты. Бұл туралы “Politico” басылымы хабарлады.
Ірі қаржы және төлем операцияларын бақылайтын тәжірибелі шенеунік Дэвид Лебрик күтпеген бұл жаңалықтан кейін Трамп әкімшілігімен келіспеушіліктерге тап болып, отставкаға кететінін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұл федералды жүйе әлеуметтік сақтандыру және грант алушылардың төлемдерін, салықты қайтару құқығына ие азаматтардың төлемдерін, сондай-ақ федералды қызметкерлер мен мемлекеттік мердігерлерге бөлінетін қаражатты бақылауға жауап береді.
Маск өзі басқаратын үкімет тиімділігін арттыруға бағытталған топтың Қаржы министрлігінің америкалықтарға бөлінетін қаражатты бақылауын күшейтіп, алаяқтық немесе заңсыз төлемдерді шектеуге бағытталғанын айтты.