Time журналы «Жыл адамын» жариялады
Әлемдік медианың назарын өзіне аударған Time журналы биылғы «Жыл адамы» атағын бір ғана тұлғаға емес, адамзаттың жаңа дәуірін айқындап отырған тұтас бір буынға – «жасанды интеллект сәулетшілеріне» беруді жөн көрді. Бұл — технологиялық төңкерістің алдыңғы шебінде жүрген ойшылдар мен жаңашылдардың еңбегіне көрсетілген тарихи құрмет.
Журнал мұқабасы да дәуір тынысын дәл бейнелеп тұр. Атақты «Аспанмен таласқан ғимаратта түскі ас» суретінің жаңа интерпретациясы арқылы болашақты қалыптастырып жатқан тұлғалар бір кадрға тоғыстырылған. Мұнда «Meta» басшысы Марк Цукерберг, «AMD» жетекшісі Лиза Су, «X» платформасының иесі Илон Маск, «Nvidia» копаниясының ықпалды басшысы Дженсен Хуанг, «OpenAI» басшысы Сэм Алтман, Google-дің «DeepMind» жетекшісі Демис Хассабис, «Anthropic» компаниясының басшысы Дарио Амодеи, сондай-ақ танымал ғалым, «ImageNet» негізін қалаушы Фей-Фей Ли қатар тұр.
Бұл есімдер бүгінде цифрлық өркениетті қайта пішіндеп, жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін адамзат игілігіне айналдыру жолында бәсекелесе отырып, бір-бірін толықтырып келе жатқан тұлғалар.
Айта кетерлігі, өткен жылы осы атаққа АҚШ-та екінші мерзімге қайта сайланған Дональд Трамп қол жеткізген еді. Ал биыл журнал таңдауы жеке саясаткерге емес, бүкіл жаңа дәуірдің бет-бейнесін айшықтап тұрған технологиялық көшбасшыларға ауды.
Бұл біздің заманның жаңа бағдарын, адамзат тарихындағы ең жылдам өзгерістер кезеңінде тұрғанымызды көрсететін ишара іспетті.