Тегеранда Иран Президенті Өзбекстан делегациясын қабылдады
Ресми сапармен Тегеран қаласында болған Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Ариповты 12 мамыр күні Иран Ислам Республикасының Президенті Масъуд Пезешкиян қабылдады.
Бұл жөнінде Өзбекстан үкіметінің ресми порталы хабарлады.
Кездесу басында Өзбекстан тарапы ирандық әріптестеріне көрсетілген қонақжайлық үшін ризашылық білдіріп, Президент Шавкат Мирзиёевтің шынайы сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.


Сұхбат барысында екі ел басшыларының берік саяси ерік-жігерінің арқасында Өзбекстан мен Иран арасындағы ынтымақтастық кең ауқымды серіктестік деңгейіне көтерілгені атап өтілді. Жоғары деңгейдегі келісімдердің нақты орындалуы аймақтық тұрақтылық пен даму үшін де маңызды екені айтылды.
Сондай-ақ, екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттары саналатын — сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестік, өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика, өңіраралық байланыс, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы келісімдердің жүзеге асырылуына ерекше назар аударылды.


Сапар аясында Өзбекстан делегациясы Иранның Инновациялар және технологиялар үйіне барып, энергетика, медицина, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, IT және құрылыс салаларындағы озық өнімдер мен жаңа технологиялармен танысты.
Осылайша, Өзбекстан үкіметтік делегациясының Иранға ресми сапары аяқталды.


ӨзА