Ташкенттегі Ислам өркениеті орталығы Гонконг сарайы музейімен әріптестік орнатты
Мәдени мұраны сақтау және оны заманауи музей технологиялары арқылы кеңінен насихаттау бүгінде жаһандық мәдени саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды.
Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы Ислам өркениеті орталығы мен Гонконг сарайы музейі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат музей ісі, мәдени мұраны қорғау, реставрация, ғылыми зерттеулер жүргізу, бірлескен көрмелер ұйымдастыру, мамандар даярлау және тәжірибе алмасу бағыттарындағы ынтымақтастықты көздейді.
Аталған келісім Орталық Азия мен Шығыс Азия арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған кезекті маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
– Гонконг сарайы музейімен қол қойылған меморандум екі мекеме арасындағы ұзақ мерзімді әріптестіктің берік құқықтық негізін қалыптастырып, бірлескен көрмелер, ғылыми жобалар мен мәдени алмасу бағдарламаларын жүзеге асыру мүмкіндігін кеңейтеді, – деді шара барысында Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығының директоры Фирдавс Абдухаликов.
Ал Гонконг сарайы музейінің директоры доктор Луис Нге Өзбекстанда мәдени мұраны сақтау және оны заманауи тәсілдермен таныстыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың өзіне зор әсер қалдырғанын айтты.
– Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығына сапарымыз біз үшін маңызды тәжірибе болды. Елдеріңізде мәдени мұраны қорғау және оны заманауи әдістермен таныстыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар үлкен қызығушылық тудырды. Бүгінгі келісім ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін, – деді доктор Луис Нге.
Гонконг сарайы музейінің қорында Қытай мен әлем өркениетінің тарихына қатысты жәдігерлер, көне өнер туындылары, императорлық сарай мұрасы және сирек кездесетін мәдени құндылықтар сақталған.
Бұл әріптестік тарихи мұраны зерттеу мен сақтауда халықаралық тәжірибе алмасуды күшейтіп, өзбек мәдениетін әлемдік музей кеңістігінде кеңінен танытуға жаңа мүмкіндік береді.