Ташкентте Өзбекстан–Ирак бизнес-форумы өтті
Тарихи байланыстарға негізделген Өзбекстан мен Ирак арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық соңғы жылдары жаңа қарқын алып келеді. Тараптар өзара сауда көлемін ұлғайтып, инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы іскерлік байланыстарды кеңейтуге мүдделі.
Ташкентте өткен Өзбекстан–Ирак бизнес-форумына Өзбекстаннан 165 кәсіпкер, сондай-ақ Ирактың Эрбиль, Сүлеймания, Духок, Халабжа және Киркук сауда-өнеркәсіп палаталарының өкілдері қатысты.
Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Вахоб Давронов екі ел арасындағы сауда байланыстарының тарихи тамыры терең екенін атап өтіп, кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру өзара тауар айналымын едәуір арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Оның айтуынша, құрылыс материалдарын өндіру, электр техникасы, тоқыма өнеркәсібі, дайын киім-кешек өндірісі, азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, туризм және «жасыл» энергетика екіжақты әріптестіктің ең перспективалы бағыттары саналады.
Өзбекстанның Ирактағы Төтенше және өкілетті елшісі Аюбхон Юнусов та екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың айтарлықтай жанданғанын сөз етті. Оның айтуынша, қысқа уақыт ішінде Бірлескен іскерлік кеңес құрылып, өзбек делегациясы Бағдад халықаралық көрмесіне қатысқан. Сонымен қатар Үкіметаралық бірлескен комиссия құру жөнінде келісімге қол жеткізілген.
Эрбиль сауда және өнеркәсіп палатасының басшысы Ғайлон Саид Азиз Күрдістан өңірі Ирак нарығына шығудың маңызды қақпасы екенін атап өтті. Оның сөзінше, өңірде шетелдік инвесторлар үшін қолайлы құқықтық жағдай қалыптасқан және бұл өзбек компанияларына да кең мүмкіндіктер ашады.
Форум аясында өткен B2B форматындағы кездесулерде сауда, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация, туризм және логистика салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
[gallery-30469]
суреттерді түсірген Ф.Абдурасулов, ӨзА