Ташкентте Өзбекстан – Чехия бизнес-форумы өтті
Ташкент қаласында Чехия Республикасының Премьер-министрі Андрей Бабиштің Өзбекстанға ресми сапары аясында екі елдің іскер топтарының бірлескен бизнес-форумы өтті.
Іс-шараға Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов және Чехия Республикасының Премьер-министрі Андрей Бабиш қатысты.
Форумға екі елдің жетекші өнеркәсіп кәсіпорындары, инвестициялық компаниялар мен қаржы құрылымдарының өкілдері жиналды. Атап айтқанда, Чехия делегациясының құрамында машина жасау, энергетика, химия, фармацевтика және көлік-логистика салаларында жұмыс істейтін 50-ден астам ірі компания басшылары болды.
Айта кетілгендей, кейінгі сегіз жылда Өзбекстан мен Чехия арасындағы тауар айналымы екі есеге артқан. Қазіргі уақытта Өзбекстанда Чехия капиталының қатысуымен 36 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Фармацевтика, азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және туризм салалары ынтымақтастықтың табысты бағыттары ретінде атап өтілді.
Келіссөздер барысында экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтерудің бірқатар перспективалы бағыттары талқыланды.
Чехиялық компанияларға мыс және басқа да түсті металдарды өндіру, оларды терең өңдеу, сондай-ақ тау-кен техникасын жергіліктендіру жобалары ұсынылды.
Гидроэлектр станцияларын салу, когенерациялық жабдықтарды орнату, саланы цифрландыру және энергия тиімділігін арттыру бағыттарындағы әріптестікті кеңейту мәселелері қарастырылды.
Өзбекстанның IT-парктері мен саладағы 100 мыңнан астам маман әлеуетін пайдалана отырып, үшінші елдер нарығына арналған бірлескен цифрлық өнімдер жасау мүмкіндіктері де талқыланды.
[gallery-29092]
Еліміздегі химия кластерлері негізінде минерал тыңайтқыштар, полимерлер және тұрмыстық химия өнімдерін өндіруді жолға қою, сондай-ақ фармацевтика саласында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Екі елдің географиялық орналасуының стратегиялық маңызы ерекше атап өтілді. Бұл Өзбекстан үшін Еуропалық Одақ нарығына, ал Чехия үшін Орталық Азия нарығына шығуда маңызды қақпа қызметін атқарады. Осыған байланысты паритет негізінде сауда үйлері мен логистикалық орталықтар құру ұсынылды.
Фрум барысында чехиялық инвесторлар үшін арнайы өнеркәсіптік парктерде жасалған мүмкіндіктер мен еуропалық компанияларға ұсынылатын жеңілдіктер жайлы ақпарат берілді.
Өз кезегінде Андрей Бабиш өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін білдіріп, нақты инвестициялық ұсыныстарын ұсынды.
Форум соңында екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар маңызды құжаттар мен келісімдерге қол қою рәсімі өтті.
И.АВВАЛБОЕВ, С.УРМОНОВ (сурет), ӨзА