Ташкентте робот-курьер қызметі іске қосылады
2026 жылдың соңына дейін Ташкент қаласының тұрғындары автономды робот-курьерлер арқылы азық-түлік, дайын тағамдар мен түрлі тауарларға тапсырыс беру мүмкіндігіне ие болады.
Yandex Uzbekistan компаниясы Yandex Lavka қызметі үшін осындай жобаны әзірлеп жатыр. Қазіргі уақытта компания роботтандырылған құрылғыларды сынақтан өткізіп, олардың қалалық ортадағы тиімділігін тексеріп жатыр.
Алғашқы кезеңде робот-курьерлерді ұзындығы екі шақырымға дейінгі бағыттарда іске қосу жоспарланған. Негізгі талап – тапсырысты белгіленген уақытта жеткізу. Пайдаланушылар тапсырысты рәсімдеу кезінде қосымша арқылы роботтың келу уақытын бақылай алады.
Роботтар жаяу жүргіншілердің орташа жылдамдығымен қозғалады. Бағытын лидар жүйесі мен ультрадыбыстық датчиктер арқылы анықтайды. Есептеу жүйесі жинақталған деректер негізінде айналадағы ортаны талдап, бағдаршам сигналдарын таниды және жақын маңдағы нысандардың қозғалысын болжайды. Соның арқасында робот өз бағытын дербес белгілеп, кедергілерді айналып өтіп, жаяу жүргіншілер жолымен қозғалатын болады.
Сонымен қатар компания жүйенің жұмысында адам қатысуын толықтай шектемейді. Роботтар әдеттегі бағыттардың басым бөлігінде өздігінен қозғалғанымен, төтенше жағдай туындаған кезде қашықтан басқару операторы іске қосылады. Жолаушылармен байланысу және туындаған мәселелерді шешу үшін әр құрылғының корпусына QR-код орналастырылған. Бұл қолдау қызметіне хабарласу үшін ыңғайланған.
Айта кетейік, компания өкілдері роботтарды қолмен көтеруге немесе басқа жерге жылжытуға болмайтынын да ескертіп өткен.