Ташкентте Ресейдің жоғары оқу орындарына арналған халықаралық білім көрмесі өтеді
Биыл 25–26 қыркүйек күндері Ташкент қаласында Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндіктеріне арналған «Ресей білімі. Ташкент – 2026» халықаралық білім көрме-жәрмеңкесі өтеді.
Іс-шараны «Россотрудничество» ұйымының Өзбекстандағы өкілдігі Ресей Федерациясының Өзбекстан Республикасындағы елшілігі, Өзбекстан Республикасы Мектепке дейінгі және мектептік білім беру министрлігі, сондай-ақ Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.
Айта кетейік, бұл іс-шара 2026 жылы алтыншы рет ұйымдастырылуда. Бағдарламаға сәйкес, атаулы көрмеге Ресейдің 40-тан астам жоғары оқу орны қатысады. Университет өкілдері қатысушыларға білім беру бағдарламалары, қолжетімді бағыттар, қабылдау шарттары және студенттерге жасалған мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат береді.
Әсіресе бұл шара Ресейде білім алуды жоспарлап отырған талапкерлер мен олардың ата-аналары үшін маңызды мүмкіндік болмақ. Қатысушылар екі күн ішінде бір алаңда ондаған жоғары оқу орнымен танысып, олар ұсынатын білім беру бағдарламаларын салыстырып, университет өкілдерінен тікелей кеңес ала алады.
Көрменің негізгі бағыттарының бірі Ресейдің жоғары оқу орындарына қабылдау тәртібі мен грант негізінде білім алу мүмкіндіктеріне арналады. Атап айтқанда, қатысушылар Ресей Федерациясы Үкіметінің квотасы аясында тегін білім алу мүмкіндіктері, құжат тапсыру тәртібі және қабылдау үдерісіне қатысты мәселелер бойынша қажетті ақпарат ала алады.
Өкілдіктің ақпарат қызметі атап өткендей, көрме жастарға болашақ мамандығы мен білім беру бағытын таңдауда практикалық көмек көрсетуге, Ресейдің жоғары оқу орындары туралы толық ақпарат ұсынуға және талапкерлер үшін қолжетімді білім алу мүмкіндіктерін кеңінен таныстыруға бағытталған.