Көркем ойдың кемеліне айналған Өзбекстан халық суретшісі, бейнелеу өнерінің біртуар өкілі Орал Таңсықбаевтың 120 жылдығына арналған мерейтойлық көрме өз жұмысын бастады.

Мәдениет пен өнерді дамыту қорының бастамасымен ұйымдастырылған көрмеде көрермен назарына қылқалам шеберінің 124 ғажайып туындысы ұсынылған. Оның ішінде 106 шығарма И.В. Савицкий атындағы Қарақалпақстан мемлекеттік өнер музейі, Өзбекстан мемлекеттік өнер музейі және Орал Таңсықбаевтың үй-музейі қорларынан алынса, 18 туынды - Қазақстанның мақтанышы А.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің алтын қорынан арнайы жеткізілген.

1904–1974 жылдары өмір сүрген Орал Таңсықбаев - Орталық Азия бейнелеу мектебінің негізін қалаған тұлғалардың бірі. Ол тек суретші емес, бояулар мен жарықтың үнін сөйлете білген шебер колорист. «Өзбек Гогені» атанған аңыздың «Күрес», «Керуен», «Киіз үй», «Өзбекстандағы көктем» сынды туындылары – көркемдік пен ұлттық танымның тоғысқан жарқын үлгісі. Оның шығармалары тек Ташкент пен Мәскеуде ғана емес, 1934 жылы АҚШ-тың Филадельфия қаласында да жұртшылыққа паш етілгені - талант ауқымының жаһандық деңгейін аңғартады.

- Орал Таңсықбаевтың картиналарына тереңірек үңілген жан оның табиғатқа, адам болмысына деген іңкәрлігін, көркем әлемге деген іштей жан толқынысын анық сезеді. Әсіресе ХХ ғасырдың 20–30 жылдарындағы туындыларынан суретшінің ішкі эволюциясын, шығармашылық ізденісін айқын байқайсыз. Көптеген тарихи себептер оның авангард бағытына бет бұруына түрткі болды. 1968 жылы ол өз қолымен іріктеген 150-ден астам картинасын И.В. Савицкийге табыстап, Нөкіс музейіне ешқандай қайтарымсыз сыйға берген, - дейді Қарақалпақстан мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлбаһар Изентаева.

[gallery-25167]

Көрме қарсаңында 70-тен аса картинаны қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл ауқымды іс-шараға Францияның жетекші реставратор мамандары тартылды. Сонымен қатар, көрменің ғылыми каталогын дайындау үшін Италияның Electa Publishing баспасымен тығыз әріптестік орнаған.

Ташкенттегі Бейнелеу өнері галереясында ұйымдастырылған көрме 20 қарашаға дейін жалғасады. 

Айта кетейік, Ташкентте қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген Орал Таңсықбаевтың шығармашылық жолы өзбек бейнелеу өнерінің тұтас бір дәуірін айқындады. Ол ұлттық рухты, табиғат әсемдігін және адамның жан әлемін бояу мен композиция арқылы терең жеткізе білді. Өз туындылары арқылы ол өзбек кескіндемесінің заманауи бағытына тың тыныс әкелді. 1981 жылы Ташкент қаласының,М.Ұлықбек ауданында Орал Таңсықбаевтың мемориалдық мұражай-үйі ашылды. Атаулы мұражай бүгінде де бейнелеу өнерін қадір тұтатын қауым үшін шабыт пен сырға толы рухани мекен ретінде есігін айқара ашып отыр.

суреттерді түсірген А.АЛИЖОНОВ, ӨзА

Қазақ
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Ташкентте Орал Таңсықбаевтың шығармашылық көрмесі ашылды