Ташкентте “M360 GSMA Eurasia 2025” форумы өтіп жатыр
21–22 мамыр күндері Ташкент қаласы Орталық Азия тарихында алғаш рет өтіп жатқан беделді “M360 GSMA Eurasia 2025” форумын қабылдап отыр.
Ауқымды шараға 500-ден астам қатысушы, 40-тан аса жетекші спикер және әлемнің 200-ден астам IT-компаниясының өкілдері қатысуда.
Форумды GSMA (GSM қауымдастығы) Өзбекстан Республикасының Цифрлық технологиялар министрлігімен бірлесіп ұйымдастырған. Негізгі мақсат — Өзбекстанды Орталық Азиядағы жетекші IT-хабқа айналдыру, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу арқылы өңірлік нарықтың инвестициялық тартымдылығын арттыру және шетелдік капитал ағынын жеделдету.

Форумның ресми ашылуында Өзбекстанның Цифрлық технологиялар министрі Шерзод Шерматов, GSMA бас директоры Вивек Бадринатх және VEON компаниясының бас директоры Каан Терзиоғлу сөз сөйледі. Олар өз баяндамаларында жасанды интеллект, 5G технологиялары, сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымды дамыту мен аймақтық әріптестікті тереңдетудің маңызын ерекше атап өтті.

— Форум арқылы біз тек Өзбекстанның цифрлық әлеуетін әлемге паш етіп қоймай, сонымен қатар өңірлік деңгейде жаңа технологияларды енгізуге қатысты нақты бастамалар мен жоспарлардың негізін қалап отырмыз, — деді министр Шерзод Шерматов.
Бұл форум Өзбекстанның халықаралық аренадағы беделін арттырып қана қоймай, елдің инновациялық даму қарқынын жеделдетуге, жаңа инвестицияларды тартуға және цифрлық экономиканы өркендетуге елеулі серпін берері сөзсіз.
