Ташкентте еңбек миграциясына арналған халықаралық форум өтеді
2026 жылғы 18–19 мамыр күндері Ташкент қаласында еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік әрі құқықтық қорғауға арналған Халықаралық миграция форумы өтеді. Ірі халықаралық алаң ретінде танылып отырған бұл іс-шараға халықаралық ұйымдар, мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастықтар және сарапшылардан құралған 300-ден астам өкіл қатысады деп күтілуде.
Форумды Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Миграция агенттігі мен Халықаралық көші-қон ұйымы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Бағдарлама аясында еңбек миграциясы, білікті кадрлар даярлау, гендерлік мәселелер, жастардың қатысуы және климат өзгерісінің миграцияға әсері сияқты өзекті тақырыптар талқыланады. Сондай-ақ B2B, B2G және G2G форматындағы кездесулер өткізу, жаңа ынтымақтастық келісімдеріне қол қою жоспарланған.
Бүгінде миграция тек экономикалық үдеріс қана емес, сонымен қатар адам қадір-қасиеті, еңбек құқықтары және тұрақты дамуымен тығыз байланысты жаһандық мәселе ретінде қарастырылады. Осыған байланысты форум қарсаңында IOM сарапшылары еңбек миграциясы, ақша аударымдары, қауіпсіз еңбек дәліздері және адам құқықтары тақырыптары бойынша өз пікірлерін білдірді.
Ақша аударымдары – отбасылар мен экономиканы байланыстыратын жасыл көпір
Женевадағы IOM-ның аймақтық жобалар жөніндегі аға менеджері Вивиан Ван дер Ворсттың айтуынша, миграция мен даму арасындағы ең негізгі байланыс – ақша аударымдары. Оның сөзінше, еңбек мигранты жіберген қаражат шетелдегі еңбек нарығынан отбасыларға, жергілікті экономика мен қоғамға тікелей түсетін маңызды қаржылық ресурс болып табылады.
– Жаһандық ақша аударымдары миграция мен даму арасындағы ең берік байланыстардың бірі, – дейді сарапшы. – Мұндай қаражат сыртқы қаржылық көмектерге қарағанда отбасыларға тез әрі тұрақты түрде жетеді. Миграцияны тек халық қозғалысы ретінде емес, даму тетігі ретінде бағалау маңызды. Ол халықаралық және жергілікті дамудың ажырамас бөлігі. Егер бұл үдеріс дұрыс басқарылса, ол мигранттар мен олардың отбасылары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, қабылдаушы елдердегі еңбек нарығының сұранысын қанағаттандырады және келген елдердегі қоғамды қолдауға ықпал етеді.
Білікті басшы Өзбекстан жағдайына да арнайы тоқталып, ақша аударымдарының ел экономикасының маңызды құрамдас бөлігіне айналғанын атап өтті:
– Ұлттық деңгейде ақша аударымдары жалпы ішкі өнімнің шамамен 14 пайызына тең. Бұл – Өзбекстан экономикасы үшін елеулі маңызға ие қаржы көзі. Ол ішкі сұранысты қолдап, жергілікті бизнестің дамуына серпін береді және еңбек нарығындағы қысымды жеңілдетеді. Сонымен қатар көптеген өзбек отбасылары үшін ақша аударымдары жай ғана қосымша табыс емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған. Бұл қаражат күнделікті қажеттіліктерді өтеуге, білім алуға, тұрғын үй мәселесін шешуге, қарыздарды жабуға және балалардың болашағына инвестиция салуға мүмкіндік беріп отыр.
Қауіпсіз миграция дәлелге негізделген тәсілді талап етеді
Халықаралық көші-қон ұйымының Венадағы аймақтық үйлестірушісі Ионела Тимофте қауіпсіз әрі реттелген миграцияны қамтамасыз ету үшін ең алдымен нақты талдау мен қажеттілікке негізделген тәсіл қажет екенін атап өтті.
Оның пікірінше, жаңа еңбек дәліздерін құру немесе қолданыстағыларын кеңейту үдерісі еңбек нарығын талдауға, миграциялық үрдістерге және тәуекелдерді бағалауға сүйенуі тиіс:
– Миграциялық саясат нақты сұранысқа жауап беріп, тұрақты болуы әрі мигрант, шыққан ел және қабылдаушы мемлекет үшін бірдей тиімді нәтиже беруі қажет. Ең бастысы – жүйе адам мүддесіне қызмет етуі тиіс. Миграцияның барлық кезеңінде – дайындық, жұмысқа орналасу, оралу және қайта бейімделу барысында – адам құқықтары мен қорғау тетіктері басты орында тұруы керек. Бұл өз кезегінде қанау қаупін азайтып, адамдарға қауіпсіз, лайықты және саналы таңдау негізінде әрекет етуге мүмкіндік береді.
Сарапшы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың да шешуші рөл атқаратынын атап өтті:
– Қауіпсіз әрі реттелген миграция үкімет, жеке сектор, азаматтық қоғам және халықаралық ұйымдар арасындағы тиімді ынтымақтастықсыз жүзеге аспайды.
Еңбек миграциясындағы басты мәселе – адам капиталы
Халықаралық көші-қон ұйымы-ның еңбек мобильдігі және әлеуметтік интеграция жөніндегі аймақтық маманы Джейсон Теед еңбек миграциясы жүйесі қазіргі еңбек нарығының талаптарына сай болуы керектігін атап өтті.
Оның айтуынша, еңбек дәліздері қабылдаушы елдегі кадрларға деген сұраныс пен шыққан елдегі мамандардың біліктілік мүмкіндіктеріне негізделіп қалыптастырылуы тиіс:
– Дәлелге негізделген тәсіл еңбек нарығындағы нақты қажеттілікті анықтауға көмектеседі және біліктілік сәйкессіздігін азайтады. Сонымен қатар дипломдар мен кәсіби біліктілікті тану мәселесі де еңбек мобильділігінде маңызды рөл атқарады. Білім беру жүйесі, жұмыс берушілер және біліктілікті тану механизмдері арасындағы ынтымақтастықты күшейту қажет. Бұл жұмысқа орналасуды және еңбек мобильдігін едәуір жеңілдетеді.
Маманның пікірінше, еңбек миграциясы тек жұмыспен қамту ғана емес, адамның қоғамға бейімделу үдерісінің ажырамас бөлігі:
– Тілді меңгеру, жұмыс орнына бейімделу және кейін кәсіби өсуге жағдай жасалса, бұл әрі қызметкер, әрі жалпы жүйе үшін ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, Ташкентте өтетін халықаралық форум дәл осындай өзекті мәселелерді жаһандық деңгейде талқылауға, қауіпсіз әрі заңды миграция тетіктерін жетілдіруге және адам мүддесін басты орынға қоюға бағытталғанымен маңызды.
М.Зиё, ӨзА