Ташкентте дәрілік заттарды реттеу органдары басшыларының халықаралық кездесуі өтті
Ташкент қаласындағы «Bio Pharm City» кешенінде аймақ елдерінің дәрілік заттарды реттеу органдарының басшылары мен мамандарының қатысуымен «CAC Regulatory Authorities Meeting» кездесуі өтті.
Фармацевтикалық өнімдер қауіпсіздігі орталығы АҚШ Фармакопеясымен (USP) және Өзбекстан Республикасы Медицина және фармацевтика саласын дамыту агенттігімен бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Пәкістан, Мысыр және Иорданияның реттеуші органдарының өкілдері, сондай-ақ USP сарапшылары қатысты.

Іс-шара аясында Орталықтың USP-тің «Реттеушілерге артықшылықты қолжетімділік» (Preferential Access for Regulators, PAR) бағдарламасына қосылуы туралы келісім хатына қол қойылды. Құжатқа сәйкес, Орталық пен оның зертханалар желісіне, соның ішінде орталық зертхана мен өңірлік филиалдарына дәрілік заттардың сапасын зертханалық бақылау кезінде пайдаланылатын қажетті USP стандартты үлгілеріне жеңілдікпен қол жеткізу мерзімі ұзартылды. Сонымен қатар Фармацевтикалық өнімдер қауіпсіздігі орталығы мамандарының АҚШ Фармакопеясы — Ұлттық формулярға (USP–NF) және USP-тің басқа да нормативтік басылымдарына онлайн қол жеткізу мүмкіндігі кеңейеді.
Сондай-ақ «CAC Regulatory Authorities Meeting» аясында Фармацевтикалық өнімдер қауіпсіздігі орталығының директоры Алишер Темиров Түркияның Дәрілік заттар және медициналық бұйымдар агенттігінің (TİTCK) президенті Хүсейин Челикпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар қолданыстағы ынтымақтастық туралы меморандумды іс жүзінде жүзеге асыру, 2026–2027 жылдарға арналған басым бағыттарды айқындау, сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық жабдықтарды мемлекеттік тіркеу, зертханалық бақылау және фармакологиялық қадағалау салаларында тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Мамандардың қатысуымен сарапшылық сапарлар мен техникалық кездесулер ұйымдастыру, реттеу тәжірибесіне қатысты ақпарат пен оқу материалдарымен алмасуды жолға қою жөнінде ұсыныстар айтылды. Кездесу қорытындысында ынтымақтастықтың басым бағыттарын қамтитын нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеп, оны жүзеге асыруға бағытталған техникалық жұмыстарды бастау туралы келісімге қол жеткізілді.

Алишер Темиров Қазақстан Республикасы Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ұлттық орталығы (NDDA) директорының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Ғабит Сейдуллаевпен де кездесті.
Кездесуде екі елдің фармацевтика саласындағы реттеуші органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар бірлескен іс-қимыл жоспары аясында жүзеге асыруға болатын нақты бағыттарды қарастырып, фармацевтикалық өнімдерді реттеу саласындағы өзара ынтымақтастықтың басым міндеттерін айқындады.