Ташкентте беделді халықаралық форум өтуде
Ташкент қаласындағы «InterContinental Tashkent» қонақ үйінде «Өзбекстан, Әзербайжан және Еуропа: ортақ даму жолындағы әріптестік» тақырыбында жоғары деңгейлі кездесу өз жұмысын бастады.
Бұл беделді жиын Низами Гәнжауи халықаралық орталығы, Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты, Стратегиялық реформалар агенттігі және Сыртқы істер министрлігі тарапынан ұйымдастырылған.
Айта кетерлігі, форумға Өзбекстан үкіметінің өкілдерімен қатар түрлі өңірлерден келген 30-ға жуық бұрынғы мемлекет және үкімет басшылары қатысып жатыр. Күн тәртібінде Еуразия елдері арасындағы стратегиялық диалогты ілгерілетуге бағытталған жан-жақты әріптестік мәселелері қамтылған.
Форумның ашылуында Өзбекстан Президентінің қатысушыларға арнаған құттықтау хаты оқылды. Бұл құттықтауды Президенттің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Абдулазиз Камилов жеткізді.
«Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ арасындағы байланыс және осы екі маңызды өңірдің Еуропамен әріптестік болашағы бүгінгі талқылаудың басты тақырыбына айналуы аса маңызды», - делінген құттықтау сөзінде. Сондай-ақ, жолдауда Орталық Азия – Еуропа Одағы саммитінде стратегиялық әріптестік орнату жөнінде тарихи шешім қабылданғанын ерекше атап өтілді.
Форум басында сөз алған Низами Гәнжауи халықаралық орталығының теңтөрағасы Исмаил Серагельдин, Сербияның бұрынғы Президенті Борис Тадич, БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-сессиясының төрағасы, сондай-ақ 2017–2018 жылдары Эквадордың сыртқы істер және қорғаныс министрі болған Мария Фернанда Эспиноса Өзбекстанның Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы ұмтылыстарына жоғары баға берді.
Форумда жоғары мәртебелі қонақтар Өзбекстанның IT стартаптарды қолдау, қаржылық технологиялар мен электрондық үкіметті дамыту салаларындағы жетістіктерін және халықаралық рейтингтердегі жоғары көрсеткіштерін ерекше атап өтті.
Осыған орай, инновациялық шешімдерді енгізу мен ғылыми әзірлемелерді жүзеге асыруда әріптестікті нығайтудың маңыздылығы айтылды. Жасанды интеллектті енгізу – өңір елдеріне тек тұрақты даму мен инновациялық өсім ғана емес, сонымен қатар жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыруға зор мүмкіндік беретіні де сөз болды.