Ташкентте автобустарға арналған арнайы жолақтарға делиниаторлар орнатылуда
Ташкент қаласында қоғамдық көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында автобустарға арналған «А» санатындағы арнайы жолақтарды кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары жалғасуда.
Ташкент қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының хабарлауынша, Фурқат көшесіндегі «Magic City» аумағынан Ислам Каримов көшесіндегі Халықтар достығы сарайына дейінгі жол бөлігінде автобустарға арналған арнайы «А» жолағы ұйымдастырылып, тиісті жол белгілері мен таңбалары сызылды. Қазіргі уақытта бұл жолақты жалпы көлік ағынынан бөліп тұратын делиниаторларды (жолды бөлетін бағаншаларды) орнату жұмыстары жүргізілуде.
Делиниаторлар басқа көлік құралдарының автобус жолағына кіруін шектейді, ретсіз жолақ ауыстырудың алдын алады және жүргізушілерге қоғамдық көлікке басымдық берілетін аумақтарды нақты көрсетеді.
Мәліметке сәйкес, осы жылдың соңына дейін Ташкент қаласының 30-дан астам көшесінде «А» санатындағы арнайы жолақтар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл бағыттарда делиниаторлармен қатар қоғамдық көлік тиімділігін арттыруға арналған өзге де инфрақұрылымдық элементтер кезең-кезеңімен енгізіледі.
АҚШ, Испания, Ұлыбритания, Сингапур, Австралия және Баку қалаларының тәжірибесі көрсеткендей, автобустарға арналған арнайы жолақтар қоғамдық көліктің жылдамдығын арттыруға, қарбалас уақыттағы кешігулерді азайтуға және қозғалыс кестесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ірі қалаларда мұндай жүйе көлік кептелістерін азайтып, қоғамдық көліктің тартымдылығын арттырудың маңызды құралдарының бірі саналады.
Мамандардың айтуынша, қолға алынған шаралар автобустар қозғалысының жедел әрі тұрақты болуына жағдай жасайды. Соның нәтижесінде жолаушылардың жолға жұмсайтын уақыты қысқарып, қатынас қолайлылығы артады және көшелердегі көлік кептелісі азаяды.