Ташкентте аудитті цифрландыру және жасанды интеллект тақырыбындағы халықаралық конференция өтті
Ташкент қаласында «Аудит үдерістерін цифрландыру және ауқымды деректерді жасанды интеллект арқылы талдау» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Атаулы ауқымды іс-шараны Өзбекстан Республикасының Есеп палатасы, Цифрлық технологиялар министрлігі және Жастар істері агенттігі бірлесіп ұйымдастырды. Конференцияның алғашқы күні Жастар шығармашылығы сарайында, ал екінші күні IT Park Uzbekistan кешенінде өтті.
Басқосуда мемлекеттік аудит, цифрлық трансформация, Big Data және жасанды интеллект технологияларын аудит жүйесіне енгізу мәселелері талқыланды. Шараға INTOSAI және ASOSAI секілді халықаралық ұйымдарға мүше 30-дан астам елден 50-ден аса аудитор, халықаралық сарапшылар мен IT мамандары қатысты.

Конференцияның екінші күні GovTech көрмесімен басталды. Көрмеде мемлекеттік басқару мен халыққа қызмет көрсету саласына арналған заманауи цифрлық платформалар мен инновациялық технологиялар таныстырылды.
Іс-шараны Цифрлық технологиялар министрі Шерзод Шерматов ашып берді. Ол өз сөзінде Өзбекстанда ақпараттық технологиялар саласында жүзеге асырылып жатқан реформаларға, IT компаниялар үшін жасалған мүмкіндіктерге және IT қызметтері экспорты көлемінің артып келе жатқанын айтты.

Конференция аясында IT-аудит, жасанды интеллект негізіндегі аудит тетіктері, мемлекеттік ұйымдардағы ақпараттық қауіпсіздік, қашықтан аудит жүйелері және ауқымды деректерді интеллектуалды талдауға арналған сессиялар ұйымдастырылды. Қытай, Мажарстан, Түркия, Чехия және өзге де мемлекеттердің өкілдері мемлекеттік аудитте цифрлық технологияларды қолдану тәжірибелерімен бөлісті.

Сондай-ақ шара аясында «Аудит пен спорт бірлігі» ұранымен спорттық және мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды. Оның барысында ұлттық тағамдар көрмесі, спорттық көрсетілімдер мен түрлі жарыстар өтті.