Ташкент облысында қуаты 20 МВт болатын жел электр станциясы іске қосылды
Өзбекстанда жаңартылатын энергия көздерін тиімді пайдалану және «жасыл» энергетиканың үлесін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы тұрғыдан Ташкент облысының Бостандық ауданында салынған қуаты 20 МВт болатын «Шарбақ» жел электр станциясы маңызды жобалардың бірі саналады.
Осыған орай өткен ашылу салтанатына «Узбекгидроэнерго» АҚ басшылығы мен ұжымы, Ташкент облысы және Бостандық ауданы әкімдіктерінің өкілдері, жергілікті белсенділер, сондай-ақ қытайлық жауапты тұлғалар мен мамандар қатысты.
Ашылу рәсімінде «Узбекгидроэнерго» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Азимжон Ахмаджонов, Бостандық ауданының әкімі Жұрабек Ахмедов, Қытайдың Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Юй Цзюнь және басқа да қонақтар сөз сөйлеп, бұл жобаның Өзбекстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік пен өндірістік ынтымақтастықтың кезекті жемісті нәтижесі екенін атап өтті.
«Узбекгидроэнерго» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Азимжон Ахмаджоновтың айтуынша, жобаны жүзеге асыру үшін Қытай үкіметі тарапынан 28 миллион АҚШ доллары көлемінде өтеусіз грант бөлінген.

Жобаның тағы бір маңызды ерекшелігі – станция жылына 50 миллион кВт·сағатқа дейін экологиялық таза электр энергиясын өндіре алады. Бұл шамамен 20 мың үй шаруашылығының электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, жел энергиясын пайдалану дәстүрлі отын ресурстарын үнемдеп, энергетикалық жүйеге қосымша экологиялық таза электр энергиясын жеткізуге жол ашады.

Станцияны салу және іске қосу барысында «Узбекгидроэнерго» АҚ тарапынан қажетті ұйымдастырушылық, техникалық және инженерлік жұмыстар атқарылды. Құрылыс-монтаж жұмыстары, инженерлік инфрақұрылымды дайындау, электр желілеріне қосу және заманауи жел турбиналарын орнату жұмыстары белгіленген тәртіппен аяқталды.
Мамандардың айтуынша, жел энергиясын пайдалану электр өндіру кезінде дәстүрлі отын ресурстарына деген қажеттілікті азайтуға да мүмкіндік береді. Атап айтқанда, станцияның іске қосылуы нәтижесінде жыл сайын едәуір көлемде табиғи газ бен көмір үнемделіп, атмосфераға шығарылатын парниктік газдар көлемін қысқарту күтіледі. Бұл жаңартылатын энергия көздерін кеңейту, көміртегі шығарындыларын азайту және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды фактор болмақ.