
Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі - ақын Мекембай Омарұлы 73 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Бұл туралы Өзбекстан Жазушылар одағы телеграм парақшасында хабарлап, марқұмның отбасына көңіл айтқан.
Мекембай Омарұлы 1949 жылдың 9 ақпанында Ташкенттің іргесіндегі Түзел елді-мекенінде туып-өсіп, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық институттың қазақ филологиясы факультетін тәмамдаған. Көп жылдар бойы ұстаздық ете Өзбекстандағы қазақ мектептеріне арнап оқуықтар жазды.
Шығармашылық еңбек жолында Өзбекстаннан шығатын қазақ тілді «Достық туы» (қазіргі «Нұрлы жол») газетінде журналисттік қызметте жүріп әдебиет бөлімін басқарды. Өз шығармашылығын шыңдай білген ақынның трочествосы тек бір тілде жалғасқан жоқ. Ол қазақ және өзбек әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақын ретінде екі ел Жазушылар одағының мүшесі атанды. Көп жылдық талмай атқарған ізденістер еңбегінің арқасында Туран ғылымдар академиясының құрметті академигі болды.
Өзбекстандағы қазақ әдебиетінің аға буыны саналған – көрнекті қаламгердің «Махаббат» (Ташкент, 1999), «Атамекен» (Алматы, 2008), «Таудай бол» (Ташкент, 2009), «Төрткүл дүние» (Алматы, 2011), «Күн күлкісі» (Ташкент, 2013), «Ай астындағы айналайындар» (Алматы, 2017), «Ақыл қайрағы» (Ташкент, 2018) жыр жинақтары мен «Ең тәтті алмалар» (Алматы) деп аталған әңгімелер мен хикаяттар топтамасы және «Шанышқылы шежіресі» тарихи-танымдық кітабы (Ташкент, 2000) «Өбекстандық қазақ ақындары жырларының антологиясы» (кітабының құрастырушысы, Ташкент-2017) оқырманмен қауышты.
Өзбекстан Жазушылар одағының жанындағы «Қазақ әдебиеті» кеңесінің төрағасы Мекембай Омарұлының туыстарына және қалың оқырманға көңіл айта отырып, ақынның бір шумақ өлеңін ұсынуды жөн көрдік.
ӨМІР
Көктемімдей көкжұлын өңірге мен
Келгелі көп сүрінді көңіл-дөнен.
Қайтіп қана айтсаңшы көңілденем?
Күшік күйеу болып та қап кететін
Қайын жұртым емес қой өмір деген.
Жақсылығын жұлқынбай жүз ұқтырар
Жұмырықтай жүрек те қызып тұрар.
Жұлыныңды желкеден сордырсаң да,
Жүзіқара маңдайды бұзып тынар.
Күндей көркі әлемнің көз тұндырып,
Мың мен мұңды – мұны да өстім біліп.
Өмір деген, Жалғасжан, тау емес пе,
Мәңгілікке жататын көшкін жүріп.
Шыңғыстан да өздерін шоң білетін
Шайпауызға бақытты он тіледім.
... Өмір кітап екен ғой, бірақ өзің
Оқи алмай кетесің соңғы бетін.