ШЫҰ-ның қауіпсіздік жөніндегі орталығы Ташкентте орналасады
ӨР Сенатының Халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық байланыстар, шетелдік инвестициялар және туризм мәселелері комитетінің отырысы өтті.
Жиында «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қауіпсіздікке төнетін қатерлер мен сын-қатерлерге қарсы күрес жөніндегі Әмбебап орталығы туралы келісімді (Тяньцзинь, 2025 жылғы 1 қыркүйек) ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.
Аталған келісімге сәйкес, Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының негізінде қауіпсіздікке төнетін қатерлер мен сын-қатерлерге қарсы күрес жөніндегі Әмбебап орталық құрылады.

Орталықтың штаб-пәтері Ташкент қаласында орналасады. Ал Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес орталығы оның құрылымдық бөлімшесі ретінде Бішкек қаласында жұмыс істейді.
Әмбебап орталық ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органы болады. Оның негізгі міндеті – терроризм, сепаратизм, экстремизм және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, сондай-ақ олардың ақпараттық кеңістіктегі көріністеріне қарсы күресте ұйымға мүше мемлекеттердің құзырлы органдары арасындағы ынтымақтастықты үйлестіру.

Келісімде орталықтың құқықтық мәртебесі, негізгі міндеттері мен қызмет бағыттары, кеңес пен атқарушы комитеттің өкілеттіктері, қаржыландыру тәртібі, қызметкерлердің құқықтық мәртебесі, оларға берілетін артықшылықтар мен иммунитеттер, сондай-ақ дауларды шешу тәртібі айқындалған.
Аталған келісімнің ратификациялануы Ташкенттің өңірлік қауіпсіздік жүйесіндегі рөлін нығайтып, ақпараттық кеңістіктегі қатерлерге қарсы бірлескен іс-қимыл аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Өзбекстанның құзырлы органдары мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тиісті құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.