Шри-Ланканың таулы аймағында жолаушыларды алып келе жатқан автобус жолдан шығып кетіп, жарға құлады.
Arab News хабарлауынша, апат салдарынан 15 адам қаза тауып, 16 адам жарақат алды.
Полиция өкілі Фредрик Вутлердің айтуынша, бейсенбі күні кешке астана Коломбодан 280 шақырым шығыста орналасқан Велавайя қаласы маңында болған апат кезінде автобус шамамен 1000 фут (шамамен 300 метр) биіктіктен құлаған.
Зардап шеккендердің бесеуі – балалар. Алғашқы тергеу қорытындысына сәйкес, жоғары жылдамдықпен келе жатқан автобус әуелі басқа көлікпен соқтығысқан, кейін жүргізуші басқаруды жоғалтып, тосқауылға соғылып, жардан құлап кеткен.
Айта кетейік, Шри-Ланканың таулы аймақтарында абайсыздық немесе тар жолдардың дұрыс жобаланбауы салдарынан жол-көлік оқиғалары жиі орын алып тұрады.