Шерзод Асадов: Медиа саласындағы ынтымақтастық сенімді ақпараттық кеңістік қалыптастыруға жол ашады
Ташкент қаласында III Өзбекстан – Ресей медиа форумы жалғасуда.
Форумға қатысқан Өзбекстан Президенті Әкімшілігі жанындағы Коммуникациялар департаментінің директоры Шерзод Асадов елдің медиа саласында жүзеге асырылып жатқан реформалар, ақпараттық қауіпсіздік және екіжақты ынтымақтастықтың келешегі туралы сөз қозғады.

Оның айтуынша, ақпарат ел дамуының маңызды факторына айналған.
– Ақпарат елдің келбетін қалыптастырады, халықтарымыз арасындағы сенім деңгейін айқындайды және жаһандық күн тәртібінің қалыптасуына ықпал етеді. Өзбекстан өзінің ақпараттық саясатын осы ұстаным негізінде қалыптастырып отыр. Бүгінде еліміздің медиа саласындағы өзгерістер де бұл үдерістің жүйелі сипат алғанын көрсетеді, – деді Шерзод Асадов.
Атап өтілгендей, кейінгі жылдары Өзбекстанда медиа саласының құқықтық негізі жетілдіріліп, саланы қолдау тетіктері күшейтілді. Соның нәтижесінде мемлекеттік емес сектордың маңызы артып келеді. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары қаржысының 67 пайызы жеке капитал есебінен қалыптасады, ал жалпы БАҚ саны 3 мыңға жуықтаған.
Шерзод Асадов цифрлық кеңістіктегі өзгерістерге де назар аударды. Мәліметке сәйкес, ел халқының интернетпен қамтылу деңгейі 94 пайызға жеткен. Бұл азаматтық журналистика мен блогосфераның дамуына кең мүмкіндік ашып отыр.
Сонымен қатар департамент басшысы кітап оқу мәдениетін қолдау бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл 15 мыңға жуық кітап жарық көріп, олардың жалпы таралымы 60 миллион данадан асқанын атап өтті.
Медиа саласындағы тағы бір маңызды бағыт – ақпараттың сенімділігін қамтамасыз ету. Жалған хабарлар мен бұрмаланған ақпаратқа мемлекеттік шекара кедергі бола алмайды. Сондықтан фейк ақпарат пен дезинформацияға қарсы бір елдің аясында ғана күресу жеткіліксіз.
– Таратылатын ақпараттың сенімділігі үшін медианың жауапкершілігі аса маңызды. Дезинформация мен ақпараттық шабуылдар елдеріміз бен халықтарымыз арасында түсінбеушілік туғызып, араға жік салмауы керек. Керісінше, кәсіби медиа қауымдастықтар өзара сенім, құрмет пен тату көршілік ахуалын нығайтуға үлес қосуы тиіс. Сөз келіспеушілікке емес, өзара түсіністікке қызмет етуі қажет, – деді Ш. Асадов.
Осы тұрғыдан алғанда, Өзбекстан мен Ресей арасындағы медиа ынтымақтастықтың төрт басым бағыты ұсынылды. Олар: кәсіби тәжірибе алмасу және кадрлар даярлау, дезинформацияға қарсы бірлесіп күресу, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы серіктестікті дамыту, редакциялар, журналистер мен блогерлер арасындағы тікелей байланысты нығайту.
Атап айтқанда, екі ел журналистері үшін тұрақты тағылымдамалар, бірлескен журналистика мектептері мен білім беру платформаларын ұйымдастыру ұсынылды. Ал дезинформацияға қарсы күресте ақпаратты тексерудің ортақ стандарттарын әзірлеу және жедел ақпарат алмасудың маңыздылығы атап өтілді.
– Қорыта айтқанда, елдеріміздің ресурстары мен сарапшылық әлеуетін біріктіріп, ақпаратты тексерудің ортақ тәсілін қалыптастыру қажет, – деді Шерзод Асадов.
Медиа саласының болашағы жасанды интеллект, цифрлық платформалар және үлкен деректер қорымен тығыз байланысты екенін айтқан спикер осы бағытта да бірлескен технологиялық әзірлемелерді қолға алуға шақырды.
Оның пікірінше, барлық келісімнің нәтижесі, ең алдымен, адамдар арасындағы тікелей байланысқа байланысты. Сондықтан екі елдің редакциялары, журналистері мен блогерлері арасында тұрақты кездесулер ұйымдастырып, диалогты нақты ынтымақтастыққа ұластыру маңызды.
Осылайша, III Өзбекстан – Ресей медиа форумы тәжірибе алмасумен қатар, жаңа бірлескен бастамаларды айқындайтын маңызды алаңға айналып отыр. Жиында айтылған ұсыныстар екі елдің медиа ұйымдары арасындағы серіктестікті мазмұндық тұрғыдан байытуға, сенімді ақпарат кеңістігін нығайтуға және екі халық арасындағы достық байланыстарды дамытуға бағытталған.