Самарқандта Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арналған тарихи-танымдық көрме ұйымдастырылды
Самарқанд мемлекеттік музей-қорығы аумағында Сайыпқырын Әмір Темірдің туғанына 690 жыл толуына орай ерекше мәнге ие көрме ұйымдастырылды.
Аталған мәдени іс-шараны Қазақстанның Самарқандтағы Бас консулдығы мен Хазрет Сұлтан ұлттық музей-қорығы бірлесе өткізіп, көрмеге Түркістан қаласындағы ұлы рухани орталық — Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің эпиграфикалық өрнектері мен сирек тарихи экспонаттары қойылды.

Сайыпқырын Әмір Темірдің тікелей бастамасы және қамқорлығымен бой көтерген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Түркістан төріндегі ортағасырлық сәулет өнерінің теңдессіз жауһары. Сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи құрметіне тұрғызылған бұл кесене ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қазақстан аумағындағы алғашқы тарихи нысан ретінде ерекше құндылыққа ие.

Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстанның Самарқандтағы Бас консулы Талғат Шарипов, Самарқанд облысы әкімдігі өкілдері, музей ісінің мамандары және мәдениет саласының белсенділері қатысты.

Іс-шара барысында сөз алған Қазақстанның Хазрет Сұлтан ұлттық музей-қорығы директорының орынбасары Ахмед Сисенбай Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі хикметтер мен эпиграфикалық өрнектердің тек көркемдік мұра ғана емес, терең рухани танымға жетелейтін баға жетпес қазына екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл ескерткіш түркі халықтарының ортақ тарихи тамырын айқын көрсетіп, мәдени байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқарады.

Көрме аясында сұлтан сарайының макеті, кесене құрылысына пайдаланылған кірпіштің түпнұсқа үлгісі, Сайыпқырын Әмір Темір тарапынан сарайға сыйға тартылған тудың көшірмесі және басқа да бірегей тарихи жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Осындай шаралардың көптеп ұйымдастырылуы көрермендерге түркі әлемінің ортақ тарихи мұрасын тереңірек танып-білуге мүмкіндік беріп, мәдени сабақтастық пен рухани байланысты нығайта түседі.
суреттерді түсірген А.Исроилов, ӨзА