Самарқанд археологиялық институтының қызметкерлері облыстың «Қорғантөбе» ескерткішінен VII-VIII ғасырларға тән ғибадатхана мен қабырға суреттерінің орнын тапты. Қазір қазба жұмыстары жүріп жатыр.
Археология институтының мәліметінше, мамандар мұнда 2022 жылдан бері археологиялық зерттеулер жүргізіп келеді. Табылған ғибадатхананың орны тікбұрышты пішінді, қабырғаларының сақталған биіктігі 3 метр. Бөлмеге 5 есік арқылы кіруге болады. Оның төрінде тақ, төрт жағында бағаналар бар.
Бөлменің қабырғалары діни тақырыптағы картиналармен безендірілген, ондағы бейнелер арасында құлағы мен қолдары ою-өрнекке толы құдай бейнесі бар. Оның басында қанатты, жарты ай тәріздес үстіңгі тәждің кескіні бейнеленген.
Қабырғаларында сөрелер болып, олардың бірінен саздан жасалған мүсіннің қол-аяқ бөліктері табылған.
Археологтардың айтуынша, ғибадатхана VII-VIII ғасырларда қызмет көрсеткен, бірақ 712 жылы Қутайба ибн Муслимнің Самарқанға жорығы нәтижесінде өртеніп кеткен болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта бұл жерде археологиялық қазбалар, қабырға суреттерін сақтау, көшіру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта ескерткішті жапон мамандарымен бірлесе отырып, ғылыми әдістеме арқылы зерттеу жоспарланған.