Биыл 16–17 қазан күндері Самарқанд қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің қауіпсіздік органдары мен арнайы қызметтері басшылары кеңесінің 57-мәжілісі, сондай-ақ ТМД-ға мүше мемлекеттердің барлау және қауіпсіздік қызметтері басшыларының 21-мәжілісі өтуі жоспарланған.
Бұл басқосуға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстанның арнайы қызмет басшылары қатысады.
Сонымен қатар жиынға ТМД Атқару комитетінің және ТМД-ға мүше мемлекеттердің Терроризмге қарсы орталығының өкілдері де қатысады.
Аталған іс-шаралардың басты мақсаты Достастық кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, соның ішінде халықаралық терроризм мен экстремизмге, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, ақпараттық қауіпсіздікке төнген қатерлерге, сондай-ақ есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты нығайту.
Мәжілістер барысында қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылды үйлестіру және өзара әрекеттестік мәселелері кеңінен талқыланады деп күтілуде.
Келіссөздер қорытындысында делегация басшылары өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы өзара іс-қимылдың нақты міндеттері мен басым бағыттарын айқындайды.