Ташкентте өтіп жатқан Парламентаралық Одақтың 150-жылдық мерейтойлық Ассамблеясы аясында Литва парламентінің депутаты, делегация жетекшісі Рута Милуте арнайы сұхбат берді.
– Қазіргі заманда әлемнің саяси картасы жылдам өзгеріп жатыр. Геосаяси текетірестер көбейіп, жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Осындай кезеңде әлем елдерінің парламент өкілдері бір шаңырақ астында бас қосып, жаһандық мәселелерді бірлесе талқылауы – үлкен маңызға ие. Адам өмірін жақсарту, бейбіт өмірге жету жолында пікір алмасудың берері мол, – дейді Рута ханым.
Оның айтуынша, мұндай ауқымды кездесулер жиі өте бермейді. Сол себепті Өзбекстанда ұйымдастырылып жатқан Парламентаралық Одақтың 150-ассамблеясы – тарихи оқиға саналады.
– Біз бұл жиыннан зор үміт күтеміз. Өйткені мұнда қабылданатын шешімдер – бейбітшілік пен тұрақты даму жолындағы нақты қадамдарға негіз болады. Бұл халықтарымыздың болашағы үшін өте маңызды, – деді ол.
Литвалық делегация жетекшісі Өзбекстанға алғаш рет келгенін, алғашқы әсерінің жоғары екенін айтты.
– Мұндай ауқымды және маңызы зор жиынды табысты өткізіп жатқандарыңыз – үлкен жетістік. Әзірге барлығы өте жоғары деңгейде өтуде. Ташкенттегі Ассамблея жемісті өтіп жатыр деп толық айта аламын. Еліңізден тың ойлар мен маңызды шешімдермен ораламыз деген сенімдемін, – деп түйіндеді сұхбатын Рута Милуте.