19 қараша күні Мәскеудегі Кремль мемлекеттік сарайында Өзбекстан мәдениеті күндерінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Бұл маңызды шара екі ел арасындағы достық пен мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Айтулы шара Ресей халқына Өзбекстанның бай мәдени мұрасы, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлері және қазіргі жетістіктерімен танысуға бірегей мүмкіндік сыйлайды.
Бағдарлама аясында көрермендер өзбек, орыс және әлемдік классика жауһарларын Өзбекстанның танымал өнер қайраткерлерінің орындауында тамашаламақ.
Осынау ауқымды шарада Өзбекстанның қаһарманы Муножат Юлчиева, халық әртістері Озодбек Назарбеков, Фаррух Закиров, Рамиз Усмонов, Гүлсанам Мамазоитова, Ойгүл Нодирова, еңбек сіңірген әртістер Озода Нурсаидова мен Илияс Арабов, сондай-ақ жас дарынды әнші Ширин Маматова өнер көрсетеді.
Концертте халық әртісі Камолиддин Оринбоев жетекшілік ететін Мемлекеттік симфониялық оркестр мен Мукарама Турғинбоева атындағы «Бахор» би ансамблі де өнер көрсетеді.
Екі сағатқа жоспарланған концерттік бағдарлама өзбек халық әндері мен билері, сондай-ақ әлемдік опера өнерінің жауһарлары орын алған. Бұл концерт көрермендерге өзбек өнерінің қайталанбас ерекшелігі мен сұлулығын паш етіп, оның әлем мәдениетіндегі орны мен маңызын бағалауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, іс-шара аясында Өзбекстан тарихы, мәдениеті, дәстүрлері мен тұрмысын бейнелейтін фотокөрме ұйымдастырылады. Көрмеде елдегі маңызды оқиғаларды, сәулет ескерткіштерін және өзгерістерді көрсететін 80-нен астам бірегей сурет қойылады. Келушілер Өзбекстанның жаңғыру мен жаңаруға ұмтылысын көрсететін мәдени және әлеуметтік жетістіктерімен таныса алады.
Шараға Ресей мен Өзбекстанның жоғары лауазымды тұлғалары, мәдениет және іскер элита өкілдері, дипломаттар және өнер қайраткерлерінің қатысуы күтіліп отыр. Ресейде өтетін Өзбекстан мәдениеті күндері елдің мәдени мұрасының сан қырлылығы мен маңыздылығын, жаңа мүмкіндіктерге ашықтығы мен өзара құрметке негізделген мәдени диалогқа ұмтылысын бейнелейтін достық пен бірліктің символына айналады.