Қытайдағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 22 адамға жетті
Қытай аумағында нөсер жауын мен су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 22 адамға жетті. Тағы 20 тұрғын із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
CNA агенттігінің хабарлауынша, кейінгі күндері Қытайдың бірқатар өңірінде рекордтық мөлшерде жауын-шашын тіркелген. Қолайсыз ауа райына байланысты билік мектептердегі сабақтарды және кейбір мекемелердің жұмысын уақытша тоқтатып, табиғи апат салдарын жоюға қаржы бөле бастаған.
Хунань провинциясында бес адам қаза тауып, тағы 11 тұрғын із-түзсіз жоғалған. Тек бір уездің өзінде нөсер жауын салдары 61,5 мыңнан астам адамға әсер еткен.
Елдің оңтүстігіндегі Гуанси провинциясында табиғи апаттан 10 адам көз жұмған. Қытайлық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, жүк көлігі арнасынан асқан өзеннен өтпек болған кезде қатты ағыс көлікті ағызып әкеткен.
Тағы 4 адам Гуйчжоу провинциясында қаза тапқан. Онда да жоғалғандарды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ал Хубэй провинциясында су тасқыны салдарынан 3 адам қайтыс болып, тағы төрт тұрғын жоғалғандар қатарында саналады.
Тасқын салдарынан кейбір нысандар қирап, бірқатар елді мекенмен байланыс үзілген.
Ел үкіметі зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету үшін 120 миллион юань бөлген. Сонымен қатар, шығын көлемінің көп болуына байланысты Гуйчжоу провинциясына қосымша 30 миллион юань қарастырылған.