Қытай басшысы 11 жыл дегенде АҚШ-қа барады
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин биыл 23–25 қыркүйек күндері мемлекеттік сапармен Америка Құрама Штаттарына барады.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен бірінші ханым Мелания Трамп 24–25 қыркүйек күндері Вашингтонда Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мен оның жұбайы Пэн Лиюаньды қабылдайды.
Сапар Қытай көшбасшысының 23 қыркүйекте Эндрюс әуе базасына келуінен басталады. Оны мұнда Трамптың өзі қарсы алады.
Бағдарламада Ақ үйдегі ресми рәсім, мемлекет басшыларының келіссөздері, екі көшбасшының сөз сөйлейтін мемлекеттік кешкі асы, жеке шай рәсімі және АҚШ Ұлттық мұрағатына бару қарастырылған.
Америкалық ресми тұлғалар бұл сапарды «күрделі келіссөздер аясындағы дипломатиялық қос кездесу» деп сипаттаған.
Мемлекеттік деңгейдегі кешкі асқа АҚШ-тың ең ірі технологиялық және қаржы компанияларының басшылары шақырылған. Олардың қатарында «Amazon» негізін қалаушы Джефф Безос, «Tesla» және «SpaceX» иесі Илон Маск, «Alphabet» бас директоры Сундар Пичай, «Dell Technologies» басшысы Майкл Делл, «Nvidia» басшысы Дженсен Хуанг, «OpenAI» жетекшісі Сэм Альтман, «Citigroup» басшысы Джейн Фрейзер және «Apple» компаниясының төрағасы Тим Кук бар.
Қытай басшысының Вашингтонға сапары екі ел арасындағы қарым-қатынастар аясынан тыс бағыттарға да әсер ететіні сөзсіз. Мәселен, «The National Interest» басылымының жазуынша, саммитті АҚШ-тың Жапония, Филиппин, Аустралия, Оңтүстік Корея және әсіресе НАТО елдеріндегі одақтастары жіті бақылайды.